Мәдениет & Шоубиз 05.09.2019 сағат 18:20

Қабатовтың сатираны қойып, дінге бет бұрып кетуі мүмкін бе?

Арна режиссері осы сөз айтылғанда, алдыңғы қатарда мәз-мейрам болып отырған Бекболат Тілеухан мен «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекті көрсете қойды.
Қабатовтың сатираны қойып, дінге бет бұрып кетуі мүмкін бе?
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Әдетте қарапайым халықтың тұрмыстық ахуалын әжуалаудан әрі аспайтын «Әзіл әлемі» театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатов кейінгі кезде дінді сөз ететін болыпты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мысалы, оның лайкқұмарларды арқау еткен бір әзіл-оспағын «лайк жинағанша, сауап жинайық» деп түйіндегені бар. Тұрсынбек театрының сол кезекті концертін көгілдір экранға шығарған арна режиссері осы сөз айтылғанда, алдыңғы қатарда мәз-мейрам болып отырған Бекболат Тілеухан мен «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекті көрсете қойды. Әзіл түйіні мен бұл белгілі бір дін жолын ұстанатын азаматтарды ештеңе байланыстырмауы да мүмкін-ау, бірақ, екеуінің «Әзіл әлемі» мен көріністерінде дінді көп насихаттайтын «Өнер қырандары» театрының концерттерінде жиі төбе көрсететінін байқап жүрміз.

Бұдан бөлек, Тұрсынбек Қабатов бірде Аман Тасығанның «Talk like» (Талқылайық) бағдарламасына қатысты. Екеуара сұхбаттың соңғы минуттарында оған дінге қатысты да сұрақ қойылды. Сөзбе-сөз берейік:

«– Сіз үшін дін деген не?
– Дін деген не ол?.. Сіз қызық сұрақ қойдыңыз ғой... Әр нәрсенің өзінің паспорты болады. Тіпті, телевизор алсаң да қалай қолдану керек, телефон алсаң да оны қалай ашу керек дегендей өз ішінде паспорты болады. Сол секілді, дін дегеніміз... мысалы, Құран – адамға берілген паспорт. Қалай жүру керек, не деу керек, қай уақытта қалай жүру керек, болашақта не болатынын...
– Сіз сол «қалай жүру керек» дегенмен жүріп жатырсыз ба? Жоқ, әлде...
– Енді ол... «Қалай жүру керекпен» жүріп жатырмыз деп ойлаймын, шыны керек».

Көрдіңіз бе, «шыны керек» дейді Қабатов. Олай болса, олардың сахнада сықақ монолог орындауы мен діндегі өздері айтқан «қалай жүру керек» байланыса қояр ма екен?

Неге екенін қайдам, әйтеуір, «Алаш айнасы» сайтына Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың да әзілдескенін жариялаған мақала: «Бүгінгі күні Тұрсынбек Қабатов пен Нұржан Төлендиевті танымайтын немесе «Тамаша» мен «Шаншарды» білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Осыдан-ақ адам жанының әзілге жақын, табиғатының әзілдесуге бейім тұратынын байқауға болады», – деп басталған. Бұл жерге де Тұрсынбек Қабатов бекерден-бекер қыстырылып тұрмаған сияқты.

Алайда, пайғамбар қалжыңдарының шектен шықпағанын дәлелдейтін бұл мақалада әзіл-сықаққа қатысты Ислам дініндегі басты қағидалар көрсетілген. Атап айтқанда, «Әзілмен болсын біреуді қор қылуға жол жоқ», «Әзілдесуге рұқсат берілсе де шектен шықпауы тиіс», – дейді пайғамбар (с.ғ.с). Ал Тұрсынбек Қабатов қазақ сарбаздарының жүріс-тұрысын, үстіндегі арнайы формаларын әжуалаймын деп, Ұлттық ұланнан кешірім сұрап тынған. Ол туралы «Қабатовтың Ұлттық ұлан жайлы бұл әзілі туралы автордың өзіне қолбасшылық атынан ресми түрде xат жолданған болатын. Оған Тұрсынбектің өзі жауап жазып, «әзіл Сіздердің ар-абыройларыңызға нұқсан келтіріп, қызметтік беделдеріңізге кері әсер еткен болса, кешірім сұраймын» деп жауап жазды», – деп хабарлаған еді ҰҰ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, пайғамбардың «Әзілдеу арқылы адамдарды күлдіру кәсіп болып кетпеуі керек», – деген де хадисі бар. Ал «Әзіл әлемі» театры – концертті жиі қойып, соңғы кезде ұлттық арна экранынан түспей қойған шоубизнес көшбасшысы.

Қабатов енді қайтпек? Дін жолын ұстанған азаматтардың алдында осылай «сауап жинауды» әзіл арасына сыналап кіргізе бере ме, әлде, болашақта әзіл мен діннің біреуін таңдауына тура келе ме?..

Ерік ЕЛЕУСІЗ

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар