Әли Оқапов пен продюсер Ерлан Әлімов арасында серіктестік тоқтады, деп хабарлайды Shownews.kz.
Оқапов күні кеше сегіз жыл бойы берік шығармашылық байланыс орната білген директорымен қош айтысты. Әли мен Ерлан алғашқыда серіктестік жайлы көлікте қол алысып, ешбір құжатсыз тек достық келісімшартпен жұмысқа кіріскен көрінеді. Он жылға жуық нәтижелі еңбек еткен қос замандас, енді екі жаққа кетуді ұйғарған. Бұл ой халық әртісінің ұлын өткен жылдан бері мазалап келген, әйтсе де Әлімовке айтудың орайы тек биыл түсіпті. Себебі де жоқ емес.
«Менің алға қойған мақсатым, армандарым өте көп және де биік. Сол үшін өзін, өмірін, күшін, уақытын толығымен маған арнайтын адам керек. Ерлан да бастапқы кезде сондай болған. Әсіресе алғашқы қадамдар жасағанда, тәулік бойы менің қасымда жүрген адам. Ал қазір уақыты тығыз. Соған байланысты әрі қарай жұмыс істеу мүмкін болмады», – дейді Әли.
Әншінің бұл сөзін Әлімов жоққа шығармайды. Қазіргі таңда Асыл тобының директоры әрі Зируза сынды жас әншіні қарамағына алған Ерлан, Әлиге бұрынғыдан гөрі аз уақыт бөле бастаған. Сол себепті Оқаповтың шешіміне қарсы келе алмапты.
«Сегіз жыл жұмыс істеу үлкен бір кезең ғой. Ол да әртіс ретінде өсті. Оған жаңа толқын, үнемі қасында жүретін жігерлі адам керек. Мен продюсерлікке, мүлдем бөлек бағытқа кетіп қалдым. Өзімнің жобаларым болғандықтан оларға көп уақыт бөлесің», – дейді Ерлан Әлімов.
Дегенмен осы уақыт аралығында Әлидің командасы жемісті еңбек ете білді. Қазақстанның қос бірдей бас қаласында жеке концертін ел назарына ұсынып, біршама бейнебаянның да тұсауын кесіп үлгерді. Сондай-ақ, алғашқы әнжинағын жарыққа шығарып, түрлі музыкалық фестивальдерде Оқапов үздік орындаушы номинациясына ие болды. Сегіз жыл ішінде әншіге деген сұраныс артып, қаламақасы да көтерілген.
«Қазір теңгеге көшіп кеттік қой. Ол кезде доллармен жұмыс істегенбіз. Алғашқы қаламақым 1000 доллар болған. Ал теңге бойынша 130 мың, бәлкім 150 мың шығар», – дейді өнер иесі.
«Қазіргі гонорары бұрынғыдан он есе өсті деуге болады», – дейді экс-продюсері.
Бастапқыда Оқаповтың табысы 150000 теңгені құраса, бүгінде той-жиындар мен кештерде әнші 1 миллионға өнер көрсетеді екен. Иә, отандық шоу-бизнесте Әли мен Ерлан шығармашылық тандем таба алған бірден-бір ұжым. Осы жылдар арасында азаматтардың аға-іні, дос, тіпті ұстаз бен шәкірт сынды бір-бірінен үйренері мен үйретер тұстары аз болмапты.
«Әлиден аларым да, оған берерім де көп болды. Сондықтан аға-іні ретінде әлі де араласып тұрамыз. Ол өте сабырлы, ал мен үнемі асығып жүремін», – дейді Ерлан.
«Адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату жағынан көп сабақ алдым. Ерлан өте ұйымшыл адам ғой. Кез келген жерге кіріп кетіп, қазақша білмесе де үйреніп, әр ортада өз орнын таба алатын азамат. Ал мен өмірде тым тұйықпын», – дейді Оқапов.
Әли жақында жабық кастинг арқылы жаңа директор тауып үлгеріпті. Көмекшісіне қояр талабы да өзгермеген. Бастысы кез келген ортамен тез тіл табысып, мәдениеттіліктен ары аспаса әншімен қызметтес бола алады. Алайда сегіз жыл бойы ер адаммен еңбек еткен Әли, бұл жолы нәзік жандыны таңдапты. Сол жағы өнер иесіне қиын әрі қызық болғалы тұр.
«Менің талабыма толығымен сәйкес келетін адам таптым. Бірақ мен үшін басты айырмашылығы қыз бала болғандығы. Себебі сегіз жыл бойы ер азаматпен жұмыс істеп, үйреніп кеткенмін. Өйткені Ерлан тек қана директор, администратор емес, кей кезде күзетшім ретінде де қызмет ететін. Мысалы мені көп адамның арасынан тез-тез өткізіп жіберетін. Ал қыз баламен қалай болар екен, ол жағы маған қызық», – дейді әнші.