$ 494.87  520.65  4.91

6,8 млн теңге: Жаңа жыл қарсаңында қосымша табыс таппақ болған актерлар продюсерден гонорарын ала алмай жүр

Ақысын талап етіп жүрген қыз-жігіттердің жалпы саны жиырмаға жуықтайды. Араларында муызканттар мен өзге де маман иелері бар.

М.Әуезов атындағы академиялық драма театр мен Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейтін актерлар мен өзге де мамандар Жаңа жыл мерекесіне орай қосымша жұмыс істеп, ақша таппақшы болған. Алайда, оларды 1,5 ай бойы жұмысқа жеккен продюсер әлі күнге дейін келісілген гонорарды бермепті, деп жазады Азаттық рухы.

Онсыз да жалақысы күнкөріске әзер жететін актерлар мерекелерде қосымша жұмыс істеп, жан бағады. Жаңа жылға орай осындай ұсыныс болғанда қуана келісіпті. Өйткені, продюсер Гүлжан Молжігітова басты рольді сомдаған актерларға – 600 мың, қатардағы актерларға 450 мың теңге гонорар беремін деп уәде етіпті.

Негізгі жұмысымен қатар қосымша қойылымдарға шыққан театр ұжымы міндетімізді соңына дейін мінсіз орындап шықтық дейді. Алайда, келісілген күннен үш ай өтсе де әлі еңбек ақыларын ала алмай жүр.

«Гүлжан есімді продюсер мені таныстарым арқылы тапты. Негізгі жұмысым М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында. Актермын. Біз желтоқсан айында да, Жаңа жылдан кейін де олардың талабы бойынша рольдерді ойнадық. Маған 600 мың теңге берілуі тиіс болған. Алайда, продюсер алдап кетті, әлі еңбегіміздің ақысын ала алмай жүрміз», - деді актер Дәуір Анарбаев.

Ақысын талап етіп жүрген қыз-жігіттердің жалпы саны жиырмаға жуықтайды. Араларында муызканттар мен өзге де маман иелері бар. Мерекенің қарсаңында сахнаға шыққан жас актерларға ұйымдастырушылар 6,8 миллион теңге беруі тиіс. Актерлардың ашуын басу үшін ұйымдастырушылар жеке кәсіпкер ретінде ресми құжат әкеліп, нотариус арқылы келісімшарт жасасқан.

«Негізгі жұмысымыздан сұранып, олардың айтқаны бойынша 1,5 ай дайындалдық. Одан кейін тағы 15 күн спектакль қойдық. Тамақ, жол шығындарын да қайтармады. Келесі аптамен әлі созып келеді. Басында 30% береміз деп уәде еткен. Бір тиын да төлеген жоқ. Қазір хабарлассақ жауап бермейді. Гүлжан мен Асылбек деген екі адам. Олар бізді ақыры алдап кетті. Маған 450 мың теңге қарыз», - деді академиялық театрдың актеры Алмат Құрақ.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген Асылбек Тастан мен қойылымның продюсері Гүлжан Молжігітова

«Конкордия» атты мың адамдық тетардың залын жалдаған. Айтуларынша, актерлар гонорар көлемін тым қымбаттатып жіберген. Билет те сатыла қоймапты. Салдарынан пайда емес, шығынға баттық дейді олар.

«Декорацияға 1,2 миллион теңге төледім. Бірінші рет ұйымдастырғандықтан бұлай боларын білмедім. Медуниверситке тиесілі (С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті – ред.)  «Конкордия» студенттер театрының залын 5,7 миллион теңгеге жалдадық. Оның 10%, яғни  570 мың теңгесін ғана төледік. Олар да сотқа беріп жатыр. Пәтерімді сатсам да ақшаларын берем, қашып жүргем жоқ. Бәрін бірдей төлей алмаймыз, біртіндеп қарыздан құтыламыз», - деді Гүлжан Молжігітова.

Режиссер Мерей Әжібековтың «Сквозь цветное стекло» атты спектаклін актерлар екі тілде  сахналаған. Әрі күніне үш рет қойылымға шығып тұрған екен. Енді еңбек инспекциясына шағымданбақ.

«Кінәліміз. Төлей алмай жатырмыз. Билеттен тек 340 мың теңге ғана түсті. Билеттің бағасы басында 2400 теңгеден сатылса, көрермен аз болғандықтан соңында 1600 теңгеге дейін түсті. Мен көп жұмысқа араласпадым, негізінен Гүлжан істің басы қасында жүрген», - деді ұйымдастырушылардың бірі Асылбек Тастан.

Қойылымға көрермен аз келгендіктен ұйымдастырушылар қайырымдылық шарасы ретінде жетім балалар мен мүгедектерді де шақырғандарын айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары