$ 444.22  476.38  4.82

«Өз атыма айтылған балағат сөздері үшін төлеймін бе?»: полиция әнші Кенталдан 10 млн теңге талап еткен (ВИДЕО)

Кентал полицейлердің үстінен Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түсірген. Себебі, үйіне қарулы арнайы жасақ кіріп келіп, оны ұстау хаттамасын көрсетпестен полицияға алып кеткен.

Әнші Талғат Кенжеболатов (Кентал) Instagram парақшасына өзіне осыдан 4 жыл бұрын түсірілген видеосы үшін 10 миллион теңге айыппұл салынғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кенталдың айтуынша, сол видеосы үшін үстінен іс қозғалып, 4 сот отырысы өткен. Сот төрағасы әкімшілік құқық бұзушылықтың 675-бабы («Айырым белгілері және (немесе) нышаны бар әскери киім нысанын, сондай-ақ, нысанды киім мен арнаулы киім-кешекті заңсыз киіп жүру (пайдалану)») бойынша 5 АЕК (13 889 теңге) көлемінде айыппұл салған.

«Бұл айыппұл ештеңе емес. Алматы қалалық криминалды полициясы басқармасынының басшысы Еркін Іңкәров мырзадан хат келді. Менен 10 миллион теңге талап етіп отыр. Сондай-ақ, менің ресми түрде кешірім сұрауым керектігін жазған.

Құрметті Еркін Іңкәров, мен сізден не үшін кешірім сұрауым керек?! Не үшін сізге 10 миллион теңгені төлеуім керек?! Менің конституциялық құқығымның тапталғаны мен өз атыма айтылған балағат сөздер үшін бе? Сіздің мені қорқытып-үркіткеніңіз үшін бе? Не үшін?!» – дейді әнші желідегі видеосында.

Еске сала кетсек, біз бұған дейін де Алматы полициясының әнші Кентал түсірген вайнға қатысты мәлімдеме жасағанын жариялаған болатынбыз. Полиция департаменті ол видеоны сол кезде әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықтаған еді. Бейнекадрде полиция қызметкері бейнесіндегі ер адам: «Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске душар болса, жүрегі ауырса, жұмыста, отбасында қиындықтар туындаған болса, біреуді несие қинаса... Уайымдамаңыз! Бәрібір бәріміз де өлеміз», - деген. Тексеру кезінде видео авторы әнші Талғат Кенжеболатов болып шықты.

Одан кейін сот отырысы бірнеше рет кейінге қалып, 22 шілдеде онлайн режимде өткенін де жазған едік. Ал Кентал полицейлердің үстінен Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түсірген. Себебі, үйіне қарулы арнайы жасақ кіріп келіп, оны ұстау хаттамасын көрсетпестен полицияға алып кеткен.

Енді міне, «Сіздер, криминалистер, өз жұмыстарыңызбен, мен өз өнеріммен айналысайын. Сіздердің міндеттеріңіз – елді қорғау, тыныштықты сақтау, ал біздікі – көрші елдердің мәдениетімен бәсекелестік жасау. Менің әлеуметтік желіде айтқан әр сөзімді аңдып отырамыз дегендеріңіз – масқара! Бұл менің жеке парақшам!» - деп отыр бұл жолы атышулы әнші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары