$ 494.87  520.65  4.91

«Мен «Лесбимін»: Заманбек Нұрқаділовтің немересі елімізде біржынысты некені заңдастыруды қалайтынын айтты (ВИДЕО)

Қазір маған көбі атаң тірі болғанда саған ұрысатын еді деп жазады. Бірақ мені дәл осылай еркін етіп тәрбиелеген атам.

Заманбек Нұрқаділовтің тұңғыш немересі өзінің туа бітті жынысынан айнығанын алғаш рет көпшілікке жария етті. Нұрбибі Нұрқаділова КТК телеарнасының «Без фильтров» бағдарламасында Қазақстанда лесби атанудың қандай болатынын айтып берді.

Әңгіме барысында Нұрбибі атасы туралы, күйеуінің қол көтергені, ер адамдардан не үшін қорқатыны жайлы сөз етті. Камила Жусуповамен болған сұхбатта Заманбек Нұрқаділовтің тұңғыш немересі лесби екенін ашық айтты.

Ол журналистпен қоғамда ұят саналатын кейбір тақырыптарда еркін сөйлесті. Сондай-ақ ол ер адамдардан қорқатынын мойындады.

«Ер адамдар - қорқынышты, себебі оларға билік берілген, құқығы бізден басым», - деп ойлайды ол.

Бағдарлама қонағы осы ретте бұрынғы күйеуі туралы сөз қозғады.

«Мен, әрине тыныш жүрмейтін адаммын, әрдайым өз құқымның аяқ асты болмауын қадағалаймын, біз жиі ұрысатынбыз. Бірақ сөзбен шешуге болмайтын нәрселер бар. Сондай кездерде ол маған қол көтерді. Тіпті сотқа да бердім, ол жазасын өтеп шықты. Мен сол жігітпен де, басқаларымен де тұрмыста бола алмайтынымды түсіндім. Маған отбасылы болған ұнамады», - дейді Нұрбибі.

Тағы оқи отырыңыз: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің аманат хатын жариялады (ФОТО)

Айта кетерлігі, Нұрбибі 18 жасында тұрмысқа шыққан.

«Мен 18 жасымда аяғым ауырлап, тұрмыс құрдым. Ол кезде көп нәрсені түсінбедім, өз қалауымды білмедім», - дейді ол.

Бүгінде Нұрбибі Нұрқаділова - бір ұлдың анасы. Сонымен қатар, ол атасы туралы естеліктерімен де бөлісіп, осыған дейін өз тегін көпшіліктен жасырып жүргенін айтты.

«Мен атамның тұңғыш немересімін, атам үшін ең сүйікті, ең сүйкімдісі мен едім. Бәрінің назары менде болды. Қазір маған көбі атаң тірі болғанда саған ұрысатын еді деп жазады. Бірақ мені дәл осылай еркін етіп тәрбиелеген атам. Мен атам қайтыс боларда 11-12 жастамын. Онымен сирек кездесетінмін. Бір есімде қалғаны – атам өте мықты кісі болатын, дауысы зор, күш-қуаты тасып жүретін. Оның жанында адамдар өздерін басқаша ұстайтынына куәмін. Жасы үлкен кісі болса да атама сөз қайтармайтын. Атам тірі болғанда маған мүлде ұрыспайтын еді» - дейді сенімді түрде Нұрбибі.

Нұрқаділова бағдарламада өзінің серігі Тоғжанмен қалай танысқаны туралы айтып берді.

«Мен шағын бар ашқанмын. Сол жерге ЛГБТ қоғамдастығының өкілдері жиі келетін. Бір күні олар маған қоғамдастықтың жабық кешін ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Маған жақсы табыс әкелетінін сезіп, келістім. Оның анонсына менің фотомды қойдық. Сол фотоны Тоғжан көріп, мені ұнатыпты. Кейін ол менің қыр соңымнан үш ай жүрді. Сыйлық, гүл сыйлады», - дейді ол.

Сөз соңында Нұрбибі Нұрқаділова атасының жолын қуып, саясатқа араласқысы келетінін жасырмады. Ол депутат болып, елімізде біржынысты некені заңдастыруды қалайды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары