Алматыда тұрғындар әкім Досаевты жұмыстан шығаруды талап етіп, петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылықтар қала әкімі Ерболат Досаевты жұмыстан шығаруды талап етіп петиция бастады. Олар Досаев әкім болып тағайындалған сәттен бастап мәселе арта түскенін айтады.
"Құрылысқа тыйым салынған жерлерде бітпейтін құрылыстар, бүкіл қала бойынша бордюрлар өзгертіле береді және жөндеуді қажет етпейтін жолдарды жөндейді. Сонымен қатар қала тұрғындары оның брифингте тұрғындармен сөйлесуін ұнатпайды", – делінген петиция мәтінінде.
Тұрғындар қала билігінің тағы бір оғаш шешіміне назар аударды.
"Жақында Сейфуллин көшесіндегі көпірдің сапалы тас қабырғалары алынып тасталды және қытайлық плиткаларына ауыстырылды. Мұның бәрі бюджеттен мүмкіндігінше көп ақша алу үшін жасалатын тәрізді. Осы петицияға қол қойған азаматтардың атынан Қазақстан Республикасының президентінен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты отставкаға жіберуді сұраймыз", – делінген құжатта.
Петиция 6 шілдеде шықты. Әзірге оған 90 адам қол қойды.
Досаев 2022 жылдың қаңтар айының соңғы күні Алматы әкімі болып тағайындалды. Шенеунік жұмыстың бірінші күнінен бастап сынға ұшырады.