$ 494.87  520.65  4.91

«Тастағы ұятты сөзді өшіру мақсатында»: Мәдениет үйінің директоры кешірім сұрады

Сол әдемі, керемет үңгірдің іші толған жазу, әдепсіз сөздер. Сондай бір дөрекі сөзді әдемі есімге айналдырмақ ниетім ғана болды.
Фото: Видеодан алынған кадр/ facebook.com/ Манас Кошербаев
Фото: Видеодан алынған кадр/ facebook.com/ Манас Кошербаев

Ыбықты сайында борлы тауға ойып тұрып жазу жазып, халықтың сынына ұшыраған Мәдениет үйінің директоры Манас Көшербаев күллі қазақ елінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Оқиға Маңғыстау облысының Ыбықты сайында орын алды. Көпшілік борлы тауға қашап жазып, ескертуге құлақ аспаған адамды іздеп, оны жазалауды талап етті.

Бүгін Манас Көшербаев жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, халықтан кешіріп сұрады.

Мен Көшербаев Манас Маратұлы 24 тамызда Маңғыстау облысы Ақтау қаласы Ыбықты сайда болған жағдайға байланысты түсініктеме бергім келеді. Ыбықты сай – Маңғыстаудың көркем жерлерінің бірі. Өкініштісі, қараусыз қалған. Жолы өте нашар, жан-жағы қоқысқа толы. Сол әдемі, керемет үңгірдің іші толған жазу, әдепсіз сөздер. Сондай бір дөрекі сөзді әдемі есімге айналдырмақ ниетім ғана болды. Аңдаусыз жаза бастым! Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Аса қатты сөкпеңіздерші!!! Тарихи жерге қылдай қиянат қылу ойымда да болмады. Барша отандастарымнан, Маңғыстау жұртынан басымды иіп кешірім сұраймын! Ғафу етіңіздер,- деп жазып, кейін бейнекешірімін жариялады.

Айта кетейік, Манас Көшербаев Ақтөбе қалалық зағиптар қоғамы мәдениет үйінің директоры.

Қазіргі таңда еңбек демалысында. Жұмысқа шыққан соң түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады, - деп жазды Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары