Онда ол қалың жұрттың көзінше кеудесі салбыраған жас әйелдерді дамбалынан басқа жағын тұттай жалаңаш етіп көрсетеді.
«Ұят» сөзі таптауырын болып кеткен қазақы ортада «Бұрын қазақтың эротикалық фольклоры болған, тіпті, төл бейпіл сөздері бар» дегенге көпшіліктің сенуі қиын. Алайда тарихты жоққа шығару мүмкін емес. Керек десеңіз, қазақтың эротикалық ойыны болған. Бұл ретте, Skifnews.kz ақпарат порталы «түйе шешпек немесе тайлақ шешпек» эротикалық ойыны туралы қызықты мәлімет әзірледі.
Уикипедия дерегінше, түйе шешпек (тайлақ шешпек) – қазақ салт-дәстүрінде қалыптасқан ерте замандарда ірі тойларда өткізілетін ойын. Бұл ойын түркі тайпаларда, оның ішінде қазақ арасында болғаны түрлі жазба деректерде, аңыздарда да кездеседі.
Ойынның шарты бойынша үстінде қалың кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің бұйдасын жалаңаш әйел тісімен шешіп жетектеп әкетуі керек. Және оған жас келіншек шығады. Мысалы, «Манас» жырында осындай салтқа Ороңқа шығады. Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста «түйені шешпекке» шыққан әйел «үлкендерінің көрген жерің, кішілерің туған жерің» деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкетеді. Арқада өткен бір аста түйені шешпекке шыққан жас келіншек тәнін қолаң шашымен жауып, түйені жетектеп кеткендер нар тіккен жақ «жалаңаш шықпады» деп дау шығарып, биге жүгінеді. Сонда әділ би: «шаш әйелдің құдай жаратқан мүшесінің бірі, оған дау жүрмейді», – деп әділ шешім айтады. 1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қараман Досай қажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткен, – делінген ашық дереккөзінде.
Ал еліміздің оңтүстігінде ойынның бұл түрі «тайлақ шешпек» деп аталады. 1914 жылы Қаратау - Қазығұрт елінде аса қадірлі Сопыбек датқа асында осы салтқа Айымбала деген жесір әйел қатысып, тайлақты шешіп алған. Кей жерлерде бұл салт «түйін шешпек» деп те аталады. Салттың бұл түрі көркем шығармаларда кеңінен суреттелген. Мысалы, белгісі суретші Н.Хлудовтың және Қ. Отарбайдың «Тайлақ шешпек» деген картинасында, қайраткер жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романында суреттелген.
Ал белгілі журналист Берік Бейсенұлының жазуынша, ескі салт ХХ ғасырдың басында да болыпты. Жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романында Мерке приставі Сокольскийдің Бектен мырзаның мырза келін түсіру тойында масқара ойын ұйымдастырғаны суреттеледі. Сөйтіп, орыстың шенді ұлықтары қара халықты мазақ ету арқылы күлкіге қарқ болып, қызыққа батқысы келеді. Оны жергілікті жарамсақ бай-болыстар да қолдай кетеді. Жарлы әйел Тайтақайдың тыржалаңаш күйінде тісімен байлаулы түйені шешуге жанталасуы тоқ қауымды күлкіге кенелтіп, жарлыны күйзелтеді.
Ежелгі ғұн жұртында «тайлақ тарту» деген анайы дәстүр болған. Яғни тырдай жалаңаш жас келіншек майданға шығып, үстіне қалы кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің жібек бұйдасын тісімен шешіп алып, жұрт алдынан тайлақты билетіп өтетін болған. Мұндай тағылық би өте ерте замандарда ойын-сауық, қызық ретінде қалыптасқан. 1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қарман Досай қажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткені хатқа түскен. «Жалаңаш би» кей өңірде «тайлақ тарту» деп аталса, кей жерлерде бұл дәстүр «түйе шешпек» деп те аталыпты. 1914 жылы Қаратау – Қазығұрт елінде аса қадірлі Сопбек датқа асында осы салтқа Айымбала деген жесір әйел қатысып, тайлақты тісімен шешіп алған екен. Салттың бұл түрін белгілі этнограф-суретші Николай Хлудов «Мерекелік бәйге» деген картинасында өте анайы түрде бейнелеген. Онда ол қалың жұрттың көзінше кеудесі салбыраған жас әйелдерді дамбалынан басқа жағын тұттай жалаңаш етіп көрсетеді. Кезінде Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов осы Хлудовтың қазақ әйелдері тұрмысын бейнелеген картиналарын «Хлудов неден қателесті?» деген жазбасында өлтіре сынаған. Қиялы жүйрік Хлудов жоғарыдағы салтты өз көзімен көрмесе де, жұрттан естігенін өз бетінше жобалап сала салғаны анық. Бертінде суретші Қ.Отарбай «Тайлақ тарту» деген картинасында осы дәстүрді өзінше бедерлепті, – деп жазған тілші Б.Бейсенұлы «Тайлақ тарту» деген эротикалық ойын дәстүрімізде болған ба?» атты мақаласында.
Түйе шешпек ойыны туралы белгілі мәдениеттанушы, балалар жазушысы, мифтанушы Зира Наурызбаева да пікір білдірді.
Бұрын қазақтарда түйе шешпек ойыны болған. Ойын шартына сәйкес жалаңаш әйел түйені тісімен шешуі керек. Егер шешсе, әлгі түйені жүгімен бірге әйелге беретін болған. Егер этнографияға, фольклорға сүйене отырып мұндай ойынның болғанын айтатын болсаң, қаншама адам «Бізде ешқашан мұндай болмаған» деп айта бастайды, – деді мәдениеттанушы «Дөп сөз» ютуб-арнасына берген сұхбаты барысында.