Жаным көзіме көрінді.
Әнші Сәкен Майғазиев жол апатынан кейінгі жағдайын айтып берді. Ірі көлік апатынан қалай аман қалғанына өзі де сенбейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі жол апатының себебін желідегі парақшасына айтып берген болатын. Арада біраз күн өткенде әншінің денсаулығы сыр бере бастаған.
Өткендегі жол апатынан кейін бір ай бойы шыдап жүре берген едім. Кеше шыдамай кеткен соң бір сынықшыға барсам, сүйегі шығып кетіпті. Шыбығы тайып, жүйке тамыры қысылып қалған шығар деп ойлап едім. Олай емес екен, – деп жазды.
Әншінің айтуынша, сүйек орнына түспейінше салмақ салмауы керек екен. Сынған сүйектің орнына су жиналып қалған көрінеді.
Сынықшы сүйекті орнына салып жатқанда жаным көзіме көрінді. Мүздай тер бұрқ етті. Сүйек орнына келгенше ауыр көтеруге болмайды. Мейрамбектің көкпарында көкпар тартуға болмайтынын айтты. Енді тек жанкүйер боламын. Мен қатыса алмай, көкпаршы жігіттердің айы оңынан туатын болды, – деп әзілдеді әнші.
Айта кетейік, әнші жол-көлік апатының қалай болғанын айтып берген еді. “Сарыағашқа келе жатыр едік. Осындай жағдай болды. Бәрі жақсы болсын. Бәле-жаладан сақтасын. Абайлап, асықпай жүріңіздер! Жол тар, көлік көп. Бір-бірімізді басып озамыз деп осылай болды. Алла жар болсын. Аман қалғанымызға Аллаға шүкір”, – деп жазған болатын.