Газ қорының шектеулі екені әу баста билікке ескертілген.
Депутат Ермұрат Бапи үкіметке Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының бір топ тұрғындарының үнін жеткізді. Өтінішке қол қойғандардың көпшілігі «Тарбағатай-Мұнай» (ТМБ) серіктестігінің жұмысшылары, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутаттың сөзінше, өтініштің қысқаша мазмұны мынадай: 2007 жылдан бері Зайсанның Сарыбұлақ кенішінде өз қаражатына барлау жүргізіп, оны өз күшімен және шетелдік инвестицияның көмегімен ашып, 100 шақырымға жуық газ құбырын тартып, облыс әкімшілігінің сұранысы бойынша 7 миллион доллар жеке қаражатына Зайсан тұрғындарына газ тартып берген компания бүгінде банкрот болудың алдында отыр, деп жазады Ulysmedia.kz.
Осы өтініштің ізін қуып, Зайсан газшыларымен және облыс әкімі Ермек Көшербаев мырзамен кездесіп, мән-жайға қанықтым. Әрине, Зайсан аймағындағы ірі жұмысберуші компанияның банкроттық жағдайға тап болу қаупіне облыс әкімі де қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Компанияның банкрот болу себебі екеу екен – біріншіден, Зайсандағы газдың қоры түгесілуге тақау. Енді бірер жылда жергілікті халық қайтадан «таз кепешін» киіп, көмір мен тезек жағуға көшеді. Газ қорының шектеулі екені әу баста билікке ескертілген, - дейді ол.
Екіншіден, ең бастысы – «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салық және прокуратура органдары «қылқындырып» тастаған дейді депутат.
Салықтық міндеттерді тексерудің көпе-көрінеу бұрмалануы салдарынан серіктестікке 10 миллиард теңгенің қосымша салығы мен өсімпұлы (пеня) салынған. Егер «саусақтан сорылып» салынған осы салықтың салдарынан серіктестік өз жұмысын тоқтататын болса, 200-ден астам газөндіруші (отбасы) жұмыссыз қалайын деп тұр. Бірақ компания құрылтайшылары газшыларды жұмыссыз қалдырмау үшін жердің терең қабатында жатқан ауыр мұнай қорына барлау жасаған. Анықталған көлемі 100 млн тонна болатын осы ауыр мұнайды өндіріп, Қытайдың Қарамай зауытына дейін құбыр тартып, өңделген өнімнің үлесі арқылы табыс табуды көздеп отыр. Бұл өндіріске 200 миллион доллар инвестиция жұмсауға ықыласты Гонгконг компаниясы дайын тұр, – дейді Бапи.
Депутаттың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі салынған салықтың салдарынан компания жабылып тынатын түрі бар.
Президент Тоқаев әлемді шарлап, ел экономикасы үшін жер-жерден инвестиция іздеп жүрсе, елдегі арамтамақ менеждерлер «өз аяғымен» келіп тұрған жобаны «бесігінде тұншықтырып» өлтірмек. Серіктестік қосымша салынған салықтың заңсыздығын соңғы екі жыл бойы дәлелдеп, ақыры өткен жылы тамыз айында Жоғарғы сотта ақиқатқа жеткен. Бірақ арада бір ай өткенде, Бас прокуратураның шағым-талабымен тағы сол Жоғарғы сот өз ақиқатын бұзып, компанияны қайтадан 10 миллиард теңге қарызға батырып қойған, - дейді ол.
Осы орайда, премьер-министрге жүгінген депутат үкіметке бірер сұрақ жолдады. Сауалдарды қаз-қалпында беріп отырмыз.
Сондықтан үкіметтен бір тиын қаржы сұрамай, өз мүмкіндігімен және үкіметтік гарантияны қажет етпейтін шетелдік инвестордың көмегімен жұмыс істеймін деп отырған «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салықтың қыспағынан құтқаруға араша түсудің мүмкіндіктерін қарастыруды сұрайтынын айтты.