$ 450.79  482.21  5.05

Кенесары ханнан жеткен Құран Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырылды

Киелі кітаптың түпнұсқасы қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына беріліп, сонда сақталады.

Фото: Ерлан Қариннің парақшасынан
Фото: Ерлан Қариннің парақшасынан

Марал Ишанның қазақтың соңғы ханына сыйы құран кітабы қайта реставрация жасалып Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Arbat.media-ға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал Ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабының табылып, елімізге оралғанын сүйіншілеп жеткізген болатын. Жұртшылық халқымыздың соңғы ханы ұстаған киелі кітаптың Қазақстанға қайта оралуын жақсы ырымға балады. Президент тапсырмасына сәйкес, құран шілдеде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына тапсырған едік. Мүфтият оны қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына реставрация жасауға берді, - деп жазды Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында. 

Орталық қызметкерлері 3 айға жуық ішінде Құранды қайта құрастырып шықты. Алдымен кітап азот камерасына салынып, оның парақтарында сақталған түрлі зиянкестерден залалсыздандырылды. Одан кейін фотофиксациядан өткізіліп, әрбір беті мұқият шаңнан тазартылды. Жыртылған парақтары қайта бүтінделіп, мұқабасын ретке келтіріп, жетіспейтін тұстарына былғары жапсырылды.

Соңында Құран қайта түптелді. Барлық реставрация жұмысы халықаралық стандарттарға сай, кітаптың парақтарына, түптеуіне максималды зиян келтірмейтін түрде жүргізілді. Құранның конструктивті элементтеріне өзгерістер енгізбей, түпнұсқаның бастапқы түптеу, тігу, тоқу тәсілдері қолданылды, - дейді ол. 

Мемлекеттік кеңесшісінің айтуынша, ауқымды жұмыстың нәтижесінде Марал Ишан мен Кенесары ханнан қалған құнды мұра толықтай жаңартылды. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құранды Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырды. 

Алдағы біршама уақыт киелі кітап қасиетті мекенде тұрады, қалың көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік жасалған. Бірақ мәдени мұраны сақтаудың өзіндік тәртіптері бар. Сондықтан кейін ол жерге Құранның жоғары сапалы көшірмесі қойылады. Ал киелі кітаптың түпнұсқасы қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына беріліп, сонда сақталады, - дейді ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары