$ 441.44  473.09  4.75

«Абай жолы» романының түпнұсқасы жарық көрді

Роман кеңестік кезеңнің саясатына байланысты біраз өзгеріске ұшыраған.

Фото: Марфуға Шапиянның әлеуметтік желі парақшасынан
Фото: Марфуға Шапиянның әлеуметтік желі парақшасынан

Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» романының түпнұсқасы жарық көрді. Бұл туралы белгілі журналист, баспагер Марфуға Шапиян әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Марфуға Шапиянның айтуынша, қазір көпшілікке таралған «Абай жолы» романы кеңестік кезеңнің саясатына байланысты біраз өзгеріске ұшыраған. Мәселен, Әуезов қолжазбасындағы Зар-заман ақындарының сөздері кітаптан толық алынған. 

“Абай жолы” кітабының көптеген өзгеріске ұшырағаны туралы естідім. Сол кездегі саясатқа байланысты біраз дүние қысқарып кетіпті, біраз дүние қосылыпты. Әуезов “Абай жолының” алғашқы екі томын “Абай” деген атпен 1942, 1947 жылдары жариялайды. Кейін 1950 жылдары соғыстан кейін есін жиған Сталин репрессиясына қайта кіріседі. Қазақтың Кеңес үкіметіне дейінгі тарихы жоққа шығарылады. Сол кезде Әуезов “Абай жолына” амалсыз өзгерістер енгізе бастайды. Кітабындағы Абайға дейінгі ақын-жыраулардың бәрінің атын өзгертеді. Бір ғана мысал айтайын, біз оқыған “Абай жолының” басында бала Абайға екі ақын Байкөкше мен Барлас бата береді ғой. Ал түпнұсқада, яғни 1942 жылғы “Абайда” ол ақынның бірі Дулат Бабатайұлы еді. 1950 жылдары Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындар хандық-феодалдық дәуірді аңсайды деп айыпталған соң, Әуезов Дулаттың өзін де, өлеңдерін де кітаптан алып тастайды. Сосын “Менің қателіктерім” деген дәптеріне Дулатты айыптап, оны қателесіп қосқанын айтып, “Кейіпкерімді одан арашалап алдым” деп жазады,дейді Марфуға Шапиян.

Сонымен қатар журналист түпнұсқа кітаптың “Жаңғырық” сериясымен жарық көргенін айтты. 

Біз қазір оқып жүрген “Абай жолында” Әуезовтің еркінен тыс осындай өзгерістер болғанын естіген соң, түпнұсқасын шығаруға қатты есім кетті. Мен секілді “Абай жолын” Әуезов жазған қалпында оқығысы келетіндер көп болар деп ойладым. Сөйтіп, біресе ақшаның ыңғайы келмей, біресе ішкі жұмыстары бітпей, 2 жылға созылған жұмыс бүгін аяқталды. Аллаға шүкір! Қатты қуанып отырмын. Мархабат! “Жаңғырық” сериясымен жаңғырып қайта шыққан “Абайды” қабыл алыңыздар! деп жазды журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары