$ 494.87  520.65  4.91

«Адал салық төлеушілер алаңдамаса болады»: Мобильді аударымдарды тексеруге не түрткі?

Негізінен мобильді аудармаларды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығуға бағытталған.     

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Өткен жылдың аяғында халық арасында енді дүкендер, таксилер онлайн аударымдарды қабылдамайтынын, қайтадан қолма-қол ақшаға көшетінімізді айтып, ел тұрғындары біраз тулап алды. Бұл дүрбелең бүгін де әлі де болсын басылар емес. Халықтың алаңдауына не себеп? Мобильді аударым мен мобильді төлем деген не? Оны не үшін тексеру қажет? Табысын жасырғандар қалай жазаланады? Сұрақтардың жауабын іздеп көрейік, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ел азаматтарының мобильді аударымдарын тексеру туралы қаулының қабылдануына не түрткі болғанын айтты.

Фото: Sputnik / Санат Имангалиев 

Жалпы мобильді төлемдер деген ұғым бар және мобильді аударымдар деген ұғым бар. Мобильді төлемдер кезінде кез келген кәсіпкерлік операцияларды жүргізетін болса, онда оған QR қолданылады немесе кассалық аппараттар қолданылады. Тиісінше, түбіртек беріледі. Мобильді аударымдар кезінде ондай QR кодтар қолданылмаса немесе кассалық аппараттар болмаса, әрине, мұндай операциялар заң аясынан тыс қалып отырады, салдарынан заңсыз болып саналады, – деді Ерұлан Жамаубаев. 

Жамаубаевтың айтуынша, жалпыға бірдей декларациялау заңы аясындағы мобильді аударымдарды тексерудің негізгі мақсаты – осы мобильді аударымдарды заң аясына шығару. Яғни кәсіпкерлер заң аясында салық төлеп жатқанын қадағалау үшін кез келген кәсіпкерлік операцияларға жататын мобильді аударымдарды бақылау туралы шешім шығарылған. 

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіргендей, биылдан бастап салықшыларға банк мәліметтеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысу белгілері бар тұлғалар туралы ақпараттар түседі.

Фото: fizkes/Getty Images 

Егер азаматтың жеке банк шотына үш айдың ішінде ай сайын 100 не одан көп адамнан ақша түссе, олар бақылауға алынады.

Банктер кезең-кезеңмен ақпарат ұсынады:

  • 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары бойынша;
  • 2024 жылдан – мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары;
  • 2025 жылдан – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары;
  • 2026 жылдан – халықтың қалған бөлігі бойынша.

Негізінен мобильді аудармаларды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығуға бағытталған.     

Фото: primeminister.kz

Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Яғни кәсіпкерлерлік қызмет белгілері болған жағдайда ғана сұрақтар туындайды. Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Өз кірістерін жасыратын немесе жеке шоттарына қатарынан үш ай ішінде ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғалар ғана тексеруге жатады, - Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Табысын жасырғандар қалай жазаланады?

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. 2024 жылы бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді.

Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін – төленбеген соманың 200% мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда – 300%-ға өседі. Ал чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-қа дейін (198 100 теңге) айыппұл салынады. Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгерістердің адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын баса айтты.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Бұл тексерістер жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары