$ 471.83  505.66  5.4

«Кім ол соншама»: Депутат Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысының есеп беруін талап етті

Көлік саласы – еліміздің экономикасының драйвері.

Депутат, АМАNAТ партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында көлік саласын сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, көлік саласы – еліміздің экономикасының драйвері.

Мемлекет басшысы бұған дейін бірнеше рет ден қойып, тапсырмалар берді. Алайда саланың кемшіліктері азайған жоқ. Жоғарғы аудиторлық палата басшысының берген есебіне қарасақ, бұл әбден жемқорлыққа батқан жер.

Қазір көлік саласы туралы тыңдап отырмыз, оның ішінде ҚТЖ-ға көптеген сұрақтар болды. Бірақ ҚТЖ-ның президенті арамызда жоқ. Сауранбаев деген кім ол? Неге келмейді? Парламентте жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды, қайта-қайта осы мәселе көтеріледі, бірақ Сауранбаев келмейді. Кім ол, не қылған адам? Өмір бойы ҚТЖ жемқорлыққа былығып келеді, бірақ ол келіп жауап бермейді. Орынбасарларын жібереді... Біздің теміржолшылардың өмір сүріп жатқан «будкаларын» қараңыздар: 19-шы ғасырдағы «будкалар». Ұят емес пе? Президенті бір рет болсын ҚТЖ-ның жұмысшаларына барып, кездескен жоқ. Теміржолшылармен кездескен жоқ, олардың мәселесін тыңдаған жоқ. Қаншама ереуілдер болып жатыр, біреуіне де барған жоқ. Кім ол соншама?, - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин еліміздің логистика саласында үлкен әлеуетке ие болып отырғанына қарамастан, басшылардың еш мүмкіндікті пайдаланбай, ұсақ-түйекпен айналысып жүргенін сынға алды.

Дүниежүзілік банк сарапшыларның мәліметі бойынша, логистикалық тиімділік рейтингісінде Қазақстан 139 елдің ішінде 79-орында тұр. Жұрттың соңында салпақтап жүрміз. Шындығына келгенде біздегі әлеует өте үлкен. Шығыс Азиядағы, бүкіл Қытайдағы тауарлардың бәрін еліміз арқылы Шығыс елдеріне, Қиыр Шығысқа, Еуропаға жіберуге болады. Қазіргі геосаяси жағдайда біздің мүмкіндігіміз өте жоғары. Соны пайдаланып, елге пайдалы шаруаларды жасаудың орнына қайдағы бір ұсақ түйекпен айналысып отырмыз. ҚТЖ-ның мәселесін майшам алып қарау керек. Бұлар не істеп жүр, не қылған адамдар? Мемлекеттің ақшасын алады да, қарызға батырады. Басқа жерге ақша жетпей жатқан кезде. Қайда кетіп жатыр ол ақшаның бәрі. Әр ұлттық компанияны біз тексеруіміз керек. Олар қашанғы елдің байлығын қалталарына басып, шетелге барып, Дубайдан, Еуропадан үй алып шалқып жүреді. Халықтың жағдайын қашан ойлаймыз біз? Олардың айтқан өтірігіне сеніп осылай отыра береміз бе? Олай болмайды. Жоғары аудиторлық палата дұрыстап тексеріңіздер. Бармақ басты, көз қысты қылудың керегі жоқ. Жетер енді, елдің бетіне қалай қарайсыңдар?, - деді ол.

Депутат Парламентке ұлттық компаниялардың, трансұлттық компаниялардың басшыларын шақырып, есеп алуды талап етті. Мәселені қарайтын комиссия шығаруды да ұсынды.

Мәжіліс отырысына ҚТЖ басшысының келмеуін оның қызметін атқарушы Қанат Алмағамбетов Нұрлан Сауранбаевтың Қытайда іссапармен жүргенін айтты.

Дереккөз: Azattyq Rýhy

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары