Әскери ант қабылдамай жатып ауыр халге душар болды.
Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысында жансақтау бөлімінде жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Министрліктің хабарлауынша, 2024 жылғы 9 маусымда Жамбыл облысының Қордай аудандық орталық ауруханасына Гвардейск гарнизонының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі шұғыл жатқызылды. Бастапқыда өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілген сарбаз Гвардейск гарнизонындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген.
Медициналық тексерулер мен зерттеулер әскери қызметшіден екіжақты полисегментті пневмония анықтады. Клиникалық өлімді бастан кешкен науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен бірге ол жерде Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің құрамына анестезиолог, реаниматолог және терапевт дәрігерлер кіретін көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатыр. Жігітке оң жақ плеврит, 3-4 дәрежелі инфекциялық-токсикалық шок, сепсис, органдар жетіспеушілігі синдромы, мидың гипоксиялық ісінуі, 2-3 дәрежелі церебралды кома диагнозы қойылған.
Әскери қызметші емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен көгерген немесе зақымдану іздері болмаған.
Мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты келісімшарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тексеру жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттар жария етілмейді. Іс Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің ерекше бақылауында, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында сарбаздың комаға түсуіне қатысты Қорғаныс министрлігіне тапсырма берген болатын.
Қостанайлық Нұржігіт Әбділпатта өз еркімен әскерге аттанып, мамыр айынан бері Отардағы 30212 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметте болған. Өкінішке орай әскери ант қабылдамай жатып осындай ауыр халге душар болды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде сарбаздың анасы видеоүндеу жариялап, 2005 жылы туған ұлы Нұржігіт Әбділпаттаға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық жасалғаны туралы айтты.