Тәуекелге бармай, батыл болмай, жаңалық ашылмайды.
Әлеуметтік желіде киіз үйдің ішінде билеген жастардың видеосы тарап, ел наразылығын тудырды. Осы орайда аталмыш видеоның авторы Әлішер есімді жігіт өз әрекетінен ешқандай оғаштық көрмегенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бишінің өзі бұл бидің хай хилс (high heels) деген жанр екенін әрі оның ерсілік емес екенін айтады.
«Осы бейне жазбамды жариялаған соң, жұрт көп хейт пікірлер жаза бастады. Өзім қазақ болған соң, Қазақстанда, Алматыда тұрған соң, әке-шешем қазақ болған соң, бұл қадамның өте батыл шешім екенін айта аламын. Бұны «ұлттық құндылықтарды қорлау» деп санамаймын. Бұның өзінде ирония бар. Шығармашылық адамдарын жай адамдар ұға бермейді. Олардың әлемі басқа. Тәуекелге бармай, батыл болмай, жаңалық ашылмайды», – деп пікір білдірген ол өзінің парақшасында.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы бейне жазбаға қатысты Facebook парақшасында пікір білдірді.
«Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген. БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді», - деп жазды министр.
Аида Балаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқысы келетінін жазды.
«Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді.Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау — ортақ парызымыз», - деп жазды Аида Балаева.
Ол сондай-ақ, медиа-процесте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырды.
«Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», - деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: