2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 45 567 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
«Ұшақпен қалталылар ғана ұшады» деген пікір келмеске кеткені қашан. Әуежайға қай кезде барсаңыз да топырлаған адам қарасы алады. Сәйкесінше, көпшілік жерде жөнсіз әрекеттердің орын алуы заңдылық. Танымал жұлдыздардың қатысуымен болған жағымсыз жағдайлар бірден жария болып кетеді. Осы тұста Skifnews.kz ақпарат порталы соңғы уақытта жұлдыздар шығарған дауларға тоқталып, заңға шолу жасап өтпек.
Маусым айының аяғында ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан адам жазаланғаны туралы ақпар тарады. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысына сәйкес, айыпталушы - әзілкеш Тұрсынбек Қабатов.
Іс материалдарына сәйкес, Тұрсынбек Қабатов ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан.
Сотта Қабатов стюардессалардың нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдіргені анықталды. Ол өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқтығын алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған.
Айыпталушы Қабатов ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылды - 5 тәулікке қамауға алынды.
Көп ұзамай Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қайрат Нұртасқа қатысты әкімшілік іс қаралды. Полиция «Алматы-Астана» бағытындағы ұшақ бортында төбелес болғанын растады.
«Ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар қарау үшін сотқа жолданды. «Нұртасқа қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі - «Әуе кемесінің бортында жасалған бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың санкциясында айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған», - делінген хабарламада.
Сағат 14:30-да сот үкімімен Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынды.
Артынша өнердегі ағаларының жолымен әнші Әбдіжаппар Әлқожа да темір торға тоғытылды. Бұл туралы Алматы облыстық сотының телеграм-арнасында ақпарат жария болды.
6 шілде күні Қонаев қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында А.Б.-ға қатысты көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы дерегі бойынша әкімшілік іс қаралды. Іс жағдайларынан белгілі болғандай, 2024 жылғы 5 шілдеде сағат 23:50 шамасында А.Б., көлік құралын басқару құқығынан айырылған бола тұра, Қонаев қаласы, Рауан ықшам ауданы, Речниковая көшесінде орналасқан демалыс аймағының жанында «Toyota Camry» маркалы автокөлігін басқарған, - деп жазылған сот таратқан мәлімете.
Аталған ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жаза ретінде 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе он тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Бостандыққа шыққан соң әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жеке концертінде жақында резонанс тудырған оқиғаға тоқталып өтті.
Ол сөйлегенде абайлап сөйлеу керегін тлге тиек етіп, Қайрат Нұртас пен Әбдіжаппар Әлқожа үшеуі темір торды қалай сұрап алғандарын айтып, әзілдеді.
Ал, Заңгер Ләззат Рақышева бұзақылық жасаған танымал адамдарға қосымша шектеулер енгізуді және эголарын тәрбиелеу үшін психологқа көрінуге кеңес берді.
Алайда, менің ойымша, осындай іс-әрекеттері үшін жұлдыздарға арнайы бап қосу керек. Себебі жастар олардан үлгі алады. Олар үлгі болудың орнына, анайы іс-әрекет көрсетіп жатыр. Сондықтан осы сынды жұлдыздарға әкімшілік құқық бұзуды қайталаған жағдайда заң бойынша шетелге шығармайтын шектеу енгізу керек деп ойлаймын.
Психоаналатик ретінде айтсам, бұл адамдарға психологқа бару керек. Психология бойынша бұл адамдардың ішінде проблема бар. Осылайша, өздерінің эголарын, өзімшілдіктерін бақылауда ұстап үйренуі керек. Адамгершілік деңгейін көтеруі керек. Халықтан кешірім сұрап, жастарға «біздің қателіктерімізді қайталамаңыздар, оқырмандарым, сіздерден кешірім сұраймын» деп ағаттығын мойындаулары керек. Қабатов, Әлқожа мен Нұртас үшеуі де кешірім сұрауы керек. Себебі жастар осы жұлдыздарға қарап қызығады. Мынандай іс-әрекет жасаса, несіне қызығады?! Қоғамда талқылайтын, шешетін мәселе өте көп. Жастарға үлгі болатын ер-азаматтар осындай іс-әрекет жасап жүр. Бұл-өте ұят, - деп түйіндеді заңгер өз сөзін.
Ал Көліктегі полиция департаменті шу шығарып, заң бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын тізіп шықты.
Белгілі болғандай, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 45 567 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Көбіне мынадай жөнсіз әрекеттер тіркелген:
Әуе кемесінде әкімшілік заң бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес төмендегідей баптар белгіленген екен:
— Кодекстің 441-бабы - Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу фактілері орын алған жағдайда:
1. Осы баптың 1-2-бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну — жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
1-2. Әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну — жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанып жасалған әрекет — жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу көзделген.
— Кодекстің 440-бабы — Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактілері орын алған жағдайда:
1. Жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу — АЕК мөлшерiнде айыппұл салу қарастырылған.
2. Он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі — ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанып жасаған әрекеттер — 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
— Кодекстің 434-бабы — Ұсақ бұзақылық фактілері орын алған жағдайда:
1. Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер — 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу немесе бестен он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалған әрекеттер — он бестен отыз тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
— Кодекстің 566-бабы — Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу фактілері орын алған жағдайда:
1. Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын әуе кемесіндегі адамның әуе кемесі командирінің немесе экипаждың басқа да мүшелерінің өкімдерін орындамауы түрінде жасаған бұзуы, егер осы адамның іс-әрекеті ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмесе — 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
2. Ұялы байланыс пен радиоэлектрондық құралдарды әуе кемесінің бортында «ұшуда» деген автономды режимде пайдалануды қоспағанда, ұшудың барлық кезеңдерінде әуе кемесінің бортында ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін, әуе кемесін жүргізу, биіктікке көтерілу, қонуға бет алу кезеңдерінде радиоэлектрондық құралдар мен тұрмыстық мақсаттағы жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану — ескерту жасауға немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталныап жасалған іс-әрекеттер –10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, елімізде орналасқан барлық әуевокзалдарында жолаушылардын қол жүктеріне тексеру жасайтын алғашқы қарап тексеру қызметі орналасқан. Жолаушыларға қарап тексеру жүргізу барысында қол сөмкелерінен заңмен тыйым салынған заттар аңықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады.