$ 480.55  533.75  5.36

«Самұрық-Қазынаның» сыртқы қарызы 4 трлн теңгеге жеткен

Оның ішінде сыртқы борыш – 50 пайыз.

Фото: sk.kz
Фото: sk.kz

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының номиналды қарызы 10 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы акционерлік қоғамның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Біздің қарыздың номиналды сомасы негізі 10 трлн теңге. Бірақ баланстық сомасы – 8 трлн теңге. Оның ішінде сыртқы борыш – 50 пайыз. Негізінен «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомӨнеркәсіп» сияқты ірі компанияларымыз инфрақұрылым жобаларына сырттан қарыз алды. Қытайдан бар, 2 млрд доллар. Ол «Қазақстан полипропилен» компаниясына алған. Жоба енгізілген, қазір қалыпты жұмыс істеп тұр», - деді ол журналистің сұрағына берген жауабында.

Қордың Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтеповтің айтуынша, қордың ережесі сыртқы борышты тек экспортқа бағдарланған компаниялар ғана тартуға рұқсат береді.

«Жалпы қарыз 10 трлн теңге де деп айтып жатырмыз. Оның жартысы өзге де валюталарда көрсетілген. Өзге де валютамен алатын компаниялар – тек қана экспортқа тауар шығаратын кәсіпорындар. Яғни, бұлардың доллар, еуро, басқа да валюталармен кірістері бар. Сондықтан осы компаниялар ғана өзге валютамен қарыз ала алады. Ең үлкен қарыз пакетін Қытайдан алдық деп айтуға болмайды. Себебі ең үлкен қарыз «ҚазМұнайГазға» тиесілі. «ҚазМұнайГаздың» еурооблигациялары биржада орналастырылған құнды қағаздар. Ол жерде инвесторлар қай елден келгенін айта алмаймыз. Мысалы, Лондон биржасында облигациялар сатылса, әрбір инвестор келіп сатып ала алады. Сондықтан тек Қытай деп айтуға болмайды. Түрлі-түрлі инвестор бар», - деді Мират Өтепов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары