Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына көп күш-жігер жұмсаған қайраткер. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Қожахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруіне ұйытқы болған да Өзағаң.
93 жыл бұрын 28 тамызда (1931-1998) қазақ өнерінің жанашыры, көрнекті мемлекет қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібеков дүниеге келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
1952-1962 жылдары мұғалім, орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Келес аудандық партия комитетінің штаттан тыс насихатшысы, Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы-бөлім меңгерушісі, 1962-1975 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, 1975-1977 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1977-1987 жылдары Қазақ ССР мәдениет министрінің орынбасары, Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1987-1988 жылдары Қазақ ССР мәдениет министрі, 1988-1991 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарған. 1991 жылы зейнет демалысына шықты. «Арқас» қазақ тілі мен әдебиетін түлету қорының президенті болды. Үш мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен, медальдармен марапатталған.
Дінмұхамед Қонаевтың Түркістанға сапары. Жанында обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров және Өзбекәлі Жәнібеков. Суретті түсірген Ержан Уәйіс
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаеваның жазуынша, халқымыздың ғасырлар қойнауына кеткен тарихын, әдет-ғұрпын, қолөнері мен фольклорлық ерекшелігін, мәдени мұраларын зерттеп, оның келешек ұрпаққа жетуіне алтын көпір болған, ұлттық өнеріміз бен дәстүрімізді ғылыми зерттей отырып ұштастыра білген ұлтымыздың жанашыры, көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарих ғылымдарының докторы Өзбекәлі Жәнібеков туған халқының жанашыры еді.
Өзбекәлі ағамыз Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданына қарасты «Сарықамыс» аулында дүниеге келген /1931-1998/. Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Өзағаң еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаздық етуден бастаса, кейін әртүрлі басқару мекемелерінде өз ісінің маманы ретінде қызмет атқарады.
Фото: Оңтүстік Қазақстан газеті
1977-87 жылдары Қазақстанның мәдениет министрінің орынбасары, 1987-88 жылы Мәдениет министрі, 1988-91 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды
Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне , қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына көп күш-жігер жұмсаған қайраткер. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Қожахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруіне ұйытқы болған да Өзағаң.
Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылады, сонымен қатар қазақ жеріндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылады. Сондай-ақ Өзбекәлі ұлттық өнеріміздің дамуына үлес қосып, Торғайда «Шертер», «Ғасырлар пернесі», Алматыда «Сазген», «Адырна», «Алтынай» ансамбльдерінің құрылып, өнер көрсетуіне ақылшы, демеуші болған азамат. Өзбекәлі Жәнібековтың «Қазақтың ұлттық қолөнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» атты бірнеше жинақтары жарық көрген. Осы орайда «Тағдыр тағылымы» жинағының шығуына орай бас қосқан мәжілісте сөйлеген Өзағаңның деректерін келтірсек:
Өзбекәлі: Қырық екі жыл бойы халыққа белгілі адамдармен бірге қызмет еттім. Солардың игілік істерін де, қамқорлығын да көрдім. «Тағдыр тағылымында» мәдениет және өнер жайында сөз қозғалады. Ескі әдет-ғұрыпқа байланысты біршама дүниелер қамтылған. Бұл менің алғашқы әдеби шығармам. Соған келіп, құрмет көрсеткендеріңізге рахмет!
Фото: ашық дереккөз
Өзағаң өзінің саналы ғұмырында адам бойындағы асыл қасиеті аша біліп, нағыз дарынды жастардың жолын ашып, үлкен сахнаға баулыған өнер жанашыры. Ол кісінің ұстаздық еңбегі, өнерлі жастарға қамқорлығы жайлы халқымыздың көрнекті ғалымы, академик Зейнолла Қабдоловтың ойын ортаға саламыз. Бұл мағлұмат Қазақ радиосының алтын қорында сақталған:
Зейнолла:«Адамнан азамат шығаратын, баладан дана жасап шығаратын құдіретті күш – ұстаз еңбегі. Өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау ұстазға ғана тән. Бір ғана мысал келтірейік:
Адам көзі тірісінде жақсылығын бетіне айту керек. Асқар Тоқмағамбетовтың өлеңі бар, «айтарың болса айтып кет, айта алмасаң қайтып кет» деген. Осы өлең жолдары «барды қадірлей біл!» дегенге саяды. Өзбекәлі Жәнібеков арда туып, өмірде арман қуған жан. Адамдардың неге қабілеті бар, соны өсіруге күш-жігерін жұмсаған жан, өнер жанашыры».
1980 жылы тамыздың бірінде Орталық Комитеттің шешімімен Республикалық саз аспаптар музейін ашуға қаулы шықты. Өзағаңның басқаруымен тоғыз айдың ішінде музей экспонаттарын іздестіріп, Семей облысындағы Абай музейінен Абайдың домбырасын, Атыраудан Мұрын жыраудың, Қызылордадан орталық музейге түскен Шашубайдың сырнайын, Әшімбек Бектасовтың көмегімен Біржан салдың домбырасын алдырып, болашақ «Сазген» ансамблінің аспаптары мен ұлттық киімін дайындап, үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарын жөнге келтірді. Әсіресе, белгілі шебер Дәркембай Шоқпаровтың басқаруындағы шеберхана мамандары ансамбльге қажет аспаптарды жасап, аз уақытта көп шаруа тындырды. Сөйтіп, 1981 жылдың 24 сәуірінде Республикалық саз аспаптар музейі ашылды. Музейді басқаруға өнер зерттеушісі, белгілі күйші Жарқын Шәкәрім шақырылды. Жәкең музей жанынан ашылған «Сазген» фольклорлық ансамбліне жетекшілік етті. Музей экспонаттарын толықтыруға белгілі өнер зерттеушісі Болат Сарыбаевтың да қосқан үлесі ерекше. Өзағаң Болат Сарыбаевты Торғайда ашылған «Шертер» ансамблін ұйымдастыруға өз кезінде көмекке шақырылған-ды. Белгілі өнертанушы Болат Сарыбаев музей шеберханасында жасалған аспаптарға кеңесші бола білді.
Фото: Ана тілі газеті
Өзбекәлі Жәнібеков «Сазген» ансамблімен алғаш Оңтүстік Қазақстан облысын аралады. Қазақстанның әр жерінен үш жүздей экспонат жинады. Өнер жолы ашылды. Осыдан соң «Сазген» ансамблі Югославия, Марий АССР-ы, Түрікменстан, Үндістан жерін аралап, Алжир мен Франция қалаларында концерт қойды. Мәскеуге үш рет барып, халықаралық фестивальдерге қатысты.
Осы орайда мемлекет қайраткері, театр сыншысы профессор Әшірбек Сығайдың көзі тірісінде айтқан бір сыры ойға келеді:
Әшірбек: «Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының біртуар азаматы. Өз кезеңінің аса ірі қайраткерлерінің бірі. Мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткері ретінде салған жолы сайрап жатыр. Ол туралы көсемсөз, мақала жазды. Естелік кітап шықты, қазақ баспасөзінде айтылып та келе жатыр. Мен 1974 жылы театрды көруге Торғайға барғам. Ол жерде театр ашылғанына небары екі-үш жыл болған. Ол кісі Торғайдың обкомының хатшысы еді. Театрдағы әр қойылымға режиссерлармен ақылдасып отыратын. Артистерге қалай ойнау керектігін де үйрететін. Айман-Шолпан кездескенде бір-біріне қалай емеуірін танытып жатыр. Әлібек, Арыстандармен кездескенде қыздар қалай өзін-өзі ұстау керек – осының бәрін Өзағаң үйрететін. Бұл ісі маған жағатын. Содан қызмет бабымен кездесіп тұрдық. Кейін мен ол кісіге орынбасар болып істедім. Ол кісі министр болып келді. Сосын Орталық комитетке хатшы болып кетті. Онда мен театрда ректор болдым. Жұмыс десе жанын аямайтын жанкешті адам екенін ұғындым. Қазақстанда сол кезде он жеті мыңдай ескерткіш бар екен, соның барлығының құжаттарын Өзағаң ретке келтірді. Тіпті оттыққа дейін, көне шәйнек, құмғанға дейін ауыл-ауылдан жинап, мұражайдың толығуына еңбегі сіңді. Құрған ансамбльдерін «Адырна», «Арқас», «Сазген», «Алтынай» деп атауы да ерекше еді. Артынан бірнеше кітап қалдырды. Қысқасы, бұл кісі елім, жерім деп күңіреніп өткен кісі, оған дау жоқ...».
Ғалымдар үйінің директоры Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова Өзағаңның адамгершілік қасиетіне ерекше тоқталды:
«Асыл азаматтарын сыйлап өскен буынбыз. Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Қазақ үшін өмірін пида етуге дайын. Қазақтың әдет-ғұрпын ұмытпау үшін істеген ісі ерен. Біз Әшірбек екеуіміз екі орынбасары боп екі жағынан Мәдениет министрлігінде жұмыс істедім. Оның үстіне тоғыз жыл комсомолда бірге қызмет істедік. Ол кісі Торғайда, мен Жамбылда комсомолда бірге қызмет еттік. Мен ол кісімен замандас болғаныма өзімді бақытты деп санаймын. Ондай адамдар өте сирек. Бұл кісі үлкен ғалым, этнограф, публицист, керемет еңбекқор адам еді, мінез болмаса тұлға болмайды ғой. Жақсы көрген адамына әзілі де жарасушы еді, сұсы бар еді, сондықтан көбі батпайтын. Бұл кісінің есімі ел есінде мәңгі қалады деп ойлаймын».
Фото: okmpu.edu.kz
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, Өзбекәлі Жәнібеков дарынды жастарға қамқор болып, олардың қанаттануына, сахналық шеберлігін шыңдауына ерекше көңіл бөлді. Сондай қарындастарының бірі – Мәдина Ералиева еді. Сыңғыр дауысты сырнайшы қызды жиын-тойда көріп, әншілігін мойындағаннан кейін Өзағаң «Адырна» ансамблін құрып, сол ұжымға әнші ретінде қабылдайды. Өзағаң Мәдинаның орындайтын әндері мен киетін ұлттық киіміне ерекше мән беріп, үлкен сахнаға алып шықты, бағын ашты. Бұлбұлдай сайрап, жас әнші өз тыңдаушысын тапты, көпшілік қошеметіне бөленді.
Академик Әбдуәли Қайдаровтың Өзағаң жайлы еске алғанда былай деп еді:
«Өзағаң туралы көп айтуға болады да, аз айтуға да болады. Ол кісінің қазақ халқына жасаған жақсылығы, игілікті істері мол. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуге байланысты біз бірігіп еңбек еттік. Ақтаңдақтарды ақтап алуға байланысты көп ақылдасушы едік. Өзбекәлі туралы айтылып жатыр. Ол кісінің артына қалдырып кеткен ғылыми еңбектері баға жетпес қазына. Қолға алған нәрсесін аяқтауға тырысатын. Қазақ тілі қоғамын құруға мен мұрындық болсам да Өзағаңның көмегі көп болды. Тілімізге мемлекеттік мәртебе беру деген ол үлкен іс. Сондықтан бұл іске халықты араластыру керек. Халықтың санасын ояту керек болды. Осы істердің барлығына жол көрсетіп келген Өзбекәлі Жәнібеков еді...».
Тарих қойнауына үңіліп, қанағатпен күн кешкен халқымыздың өмірі мен тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеп, ерлігі мен бірлігін паш етіп, тыныс-тіршілігін егжей-тегжей зерттеп, келер ұрпаққа баға жетпес құнды еңбектері мен өсиетін қалдырған халқымыздың біртуар ірі тұлғаларының бірі – мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегінің жыл артқан сайын құндылығының арта түсері шындық.