Мешіт имамы бола тұра, үнемі насыбай, анаша шегеді, массажға барады деген сөздер мүлде ақылға сыймайды. Себебі, Құспан молла мешіті қаладағы ірі құлшылық орындарының бірі болғандықтан, бұл жерде атқарылатын жұмыс көлемі өте көп.
Атырау облысының орталық «Иманғали» мешіті кейбір сайттарда, әлеуметтік желілерде Атырау қаласының «Құспан молла» мешітінің имамына қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, жалған жала екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Біріншіден, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің имамы қызметін пайдаланып, мүфтиятқа балық, уылдырық жібереді деген сөз жала. Мүфтиятқа Атыраудан «сыйлық» жіберу деген болған емес.
Екіншіден, мешіт имамы бола тұра, үнемі насыбай, анаша шегеді, массажға барады деген сөздер мүлде ақылға сыймайды. Себебі, Құспан молла мешіті қаладағы ірі құлшылық орындарының бірі болғандықтан, бұл жерде атқарылатын жұмыс көлемі өте көп. Сондықтан, мешіттің бас имамы болғандықтан, салмақ та осы кісіге түседі. Яғни, имамның негізгі уақыты мешітте өтеді.
Қызметін пайдаланып, қора – қора мал жиды деген сөз де шындыққа жанаспайды.
Қазіргі уақытта имамның күнделікті сауынға ұстап отырған бір бас сиыр, бір бас түйесі бар.
Атыраудың кәсіпкерлері арқылы мал жиды, байыды деген сөз шындыққа жанаспайды.
Кәсіпкерлер арасында мешіттің керек жабдықтарына заттай көмек көрсетеді. Кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған көмек түрі мешіттің ішкі құжаттарына есепке алынып отырады.
Кісінің артынан жалған сөйлеп, жала жабу – дінімізде құпталмайтын іс екенін атап өткіміз келеді», – делінген Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін журналист Ораз Әлімбеков әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау мешітінің қызметкерлері имамның үстінен арызданғаны туралы хат жариялаған.