Нақты шешім бір айда қабылданады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев уақыт белдеуінің ауысуына байланысты аймақта жұмыс уақытын өзгерту қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында журналист уақыт белдеуінің ауысуына қатысты мәселені аймақ басшысынан сұраған.
"Уақытты өзгерту жергілікті биліктің құзіретіне кірмейді. Бұл шешім үкіметте қабылданған, мұны өзгерте алмаймыз. Тұрғындарда қиындықтар болған шығар. Кейбірі "балаларды кешке жақын мектептен алып кетеміз" дейді. Қазіргі жағдайда бұрынғы уақыт белдеуімен қарасақ таңертең қараңғыда балаларды мектепке апарып, қараңғыда алып кетер ердіңіз. Менің айтып отырғаным, уақыт белдеуіне үйрену керек. Екінші жағынан, тұрғындардың ой-пікірін тиісті органдарға жеткіздік", – деді ол.
Көшербаев аймақ тұрғындарының жаңа уақыт белдеуіне бейімделуін жеңілдету үшін жұмыс уақытын өзгерту мәселесі қаралып жатқанын айтты.
"Соның ішінде аурухана, дүкендер, мектептердің, сағат сайын жүретін қоғамдық көліктердің кестесін қайта қарау арқылы жаңа уақыт белдеуіне үйретуді қарастырып жатырмыз", – деп қосты әкім.
Ермек Көшербаев жұмыс уақытын өзгерту мәселесі әлі де халықпен талқыланатынын жеткізді.