Кадрлардан бірнеше жігіттің қызды күштеп көліктің артқы орындығына отырғызғанын, қыздың қарсылық көрсетіп жатқанын көруге болады
Желіде Ақтауда бір топ ер адамның зорлығына ұшырап, өзіне қол салған жаттықтырушы қыздың ұрланған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кадрлардан бірнеше жігіттің қызды күштеп көліктің артқы орындығына отырғызғанын, қыздың қарсылық көрсетіп жатқанын көруге болады. Осы сәтте көліктің жанына тағы бір көлік келіп, оның жүргізушісі де күдіктілерге көмектесе бастайды.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтауда 5 ер адам қызды көлікке күштеп отырғызып, мефедрон беріп, зорлап, несие алғызған. Осы оқиғадан кейін фитнес жаттықтырушысы болып жұмыс істеген қыз өзіне қол салған.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылдың 19 желтоқсанында жәбірленушіге қарсы жасалған қылмыстар үшін басты айыпталушыны 20 жылға, ал оның төрт сыбайласын 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.
Прокурор соттың шешіміне шағым түсіріп, басты айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ал қалған қатысушыларды 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.