$ 448.89  477.93  4.76

Жамбыл облысында тау шатқалындағы өрт үш күннен бері басылар емес

Меркі ауданындағы мемлекеттік орман қоры аумағында Талдыбұлақ, Сандық шатқалдарында үш тәуліктен бері табиғи өртті ауыздықтау мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, түні бойы тау маңында да, жазық далада да өртті ауыздықтау жұмыстары жалғасты. Бүгін түске дейін жалынды тоқтатқан, алайда жел күшейіп, өрт өршіп кеткен.

Сондай-ақ, өрт сөндіру барысында бір адам қаза тапқан. 

-       Рысқұлов ауданы Абай ауылы әкімдігінің бас маманы 32 жастағы азамат көз жұмды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, - дейді департаменттің баспасөз хатшысы С.Мұңатаева.

Тау шатқалындағы тілсіз жаудың шарпу алаңы 200 га. аумақты құрайды.

Қазіргі сәтте өртті сөндіруге облыстың ТЖД өрт сөндіру қызметінің өкілдері мен техникасы, Меркі, Шу аудандары әкімдігінің, Меркі, Луговое, Шу орман шаруашылығының, Меркі ауданы қорғаныс істері бөлімінің, «Жасыл Меркі» ЖШС, «Қазавиақұтқару» өкілдері қатысуда. Облыстың ТЖД-ден Меркі ауданына бүгін қосымша 40 адам келді. Барлығы 408 адам, 123 техника, екі тікұшақ жұмылдырылды.

Жамбыл облысының ІІД-де «Апат» жоспары жарияланды. Тартылған полиция күштері 473 адамды құрайды.

Басқаруды ұйымдастыру үшін барлық байланыс құралдарымен командалық-штабтық көлік тартылды, деп нақтылады Жамбыл облысының ТЖД баспасөз қызметінен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары