Сотта Мөлдір Сүйіншәлі сонымен қатар Перизат Қайратқа жеке қажеттілігі үшін 14 миллион теңге қарыз бергенін де жария етті. Бұл қаражат бір жыл ішінде қайтарылмаған, кейін жеке талап арыз арқылы сот шешімімен өндіріп алынған.
Астанадағы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайратқа қатысты алаяқтық және ақшаны жылыстату ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста басты куәгерлердің бірі – MMG Development компаниясының басшысы, кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлі сотта куәлік берді. Ол танымал боксшы Геннадий Головкиннің қолғабын қайырымдылық аукционында 10 миллион теңгеге сатып алғанын, бірақ қаражаттың нақты қалай жұмсалғанына күмәні бар екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Куәгердің айтуынша, 2021 жылы Перизат Қайрат оны Instagram желісі арқылы байланысқа шақырып, «Sheraton» қонақүйінде өтетін қайырымдылық кешіне қатысуға ұсыныс жасаған. Кешке бизнес және саясат өкілдері қатысқан. Ресми түрде бұл іс-шара ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салу мақсатында ұйымдастырылғаны айтылған.
«Мені кәсіпкер ретінде шақырды. Перизатпен жазысқан хатымызда жиналған қаржы балалар орталығын салуға жұмсалатыны көрсетілген», – деді Мөлдір Сүйіншәлі сотта.
Ол кеш барысында ұйымдастырылған аукционда Геннадий Головкиннің бокс қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алғанын және бұл қаражатты өз компаниясы атынан ресми түрде «BizBirgemiz Kazakhstan» қоғамдық қорына аударғанын айтты.
Кәсіпкер алғашқыда бұл жобаны игі әрі мемлекеттік деңгейдегі бастама ретінде қабылдағанын айтты. Алайда біраз уақыт өткен соң орталықтың құрылмағанын білген.
«Бастапқыда сенім болды. Бірақ кейін жобаның тағдырына қатысты нақты ақпарат ала алмадым. Қаражат діттеген мақсатына жеткеніне күмән туды. Сондықтан 10 миллион теңгені қайтару туралы азаматтық талап арыз бердім», – деді ол.
Егер қаражат орталық құрылысына жұмсалса, кәсіпкер шағымы болмайтынын, алайда қаржы басқа мақсаттарға жұмсалса, қайтарылуы әділетті екенін айтты.
Сотта Мөлдір Сүйіншәлі сонымен қатар Перизат Қайратқа жеке қажеттілігі үшін 14 миллион теңге қарыз бергенін де жария етті. Бұл қаражат бір жыл ішінде қайтарылмаған, кейін жеке талап арыз арқылы сот шешімімен өндіріп алынған.