Бұл шараны қалалық прокуратура, әкімдік және қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесіп өткізді.
Астанада Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда пробация қызметінің есебінде тұрған тұрғындарға арналған кең көлемді әлеуметтік акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл шараны қалалық прокуратура, әкімдік және қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесіп өткізді.
Аға прокурор Нұртас Дүйсембаев бұл акцияның мақсатын түсіндіріп, былай деді: «Бүгін біз «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында маңызды әлеуметтік акция өткізіп отырмыз. Біздің ортақ мақсатымыз - есепте тұрған азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, олардың заңға бағынатын әрі тұрақты өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Біз қайта құқық бұзушылықтың алдын алуда еңбекпен қамту негізгі фактор екендігін түсінеміз. Сондықтан бүгін бір алаңда бизнес өкілдері мен жұмыспен қамту қызметі жиналып, жұмыс орындарын, тегін оқыту мүмкіндіктерін және кәсіби кеңестер ұсынуға дайын. Әрбір қатысушыға өз тағдырын өзгертуге мүмкіндік беріліп отыр. Сондай-ақ қаржылық мәселелер мен несиелік жүктемесіне ерекше көңіл бөлінуде. Заңгерлер мен сот орындаушылар азаматтарға берешектерін реттеуге және күрделі жағдайларды заңды жолмен шешуге көмектеседі. Сонымен қатар медициналық блок жұмыс істеп тұр. Мұнда қатысушылар қажетті кеңес алуда. Бұдан бөлек электрондық үкімет порталында тіркелу және мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде құжаттандыру мәселесі бойынша қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ алу мүмкіндігі де қамтамасыз етілген».
Шараға шамамен 200 адамның қатысуы жоспарланған.
Аға прокурордың айтуынша, Астанада қазіргі таңда 2500-ден астам адам пробация қызметінде есепте тұр. Көпшілігі - 25 пен 35 жас аралығындағы тұрғындар. Қатысушыларға түрлі салада жұмыс ұсыну үшін 25 жұмыс беруші келді. Олар 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Оның ішінде сантехник, тігінші, электрик сияқты кәсіптер бар. Бұл туралы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар хабарлады. Шара барысында азаматтарға жұмысқа орналасудан бөлек, құқықтық кеңес, денсаулық бойынша консультация, сондай-ақ құжаттандыру мен қызметтерді онлайн алу жолдары түсіндірілді. Бұл акцияның басты мақсаты пробацияда тұрған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасап, олардың жаңа өмір бастауына мүмкіндік беру. Шараға келген азаматтардың өзі мұндай қолдаудың қаншалық маңызды екенін айтып өтті.
Қала тұрғыны, Ерлан
«Мұндай шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Бұрын жұмыс табу қиын болды, себебі көп жерлер пробацияда тұрғанымды естігенде қабылдамайтын. Бүгін бірнеше компаниямен сөйлестім. Екеуі нақты ұсыныс жасады. Егер жұмысқа орналасып, өмірімді қайта бастасам деймін. Осындай мүмкіндік бергендеріне рақмет», - деді.
Қала тұрғыны, Гүлмира
«Менің ең үлкен мәселем - құжаттарымның дұрыс болмауы еді. Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға жағдайым болмады. Мұнда мамандар бәрін бірден түсіндіріп, электронды үкіметке тіркеп берді. Сонымен қатар дәрігерлермен де сөйлестім. Өзімді қоғамға керек адамдай сезіндім. Бастысы – бізді тыңдайтын, қолдайтын адамдар бар екен», - деп өз әсерімен бөлісті. Шара барысында құқықтық, медициналық және әлеуметтік көмек тоқтаусыз көрсетілді. Әр азаматқа жеке кеңес беріліп, олардың қиын жағдайдан шығуына нақты бағыттар ұсынылды. Мамандардың айтуынша, бұл акция тек бір күндік шара емес. Ол пробацияда тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру, қарыз мәселелерін реттеу, қоғамға бейімдеу бойынша жүргізіліп жатқан ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігі.