Олар Шымкенттен Алматыға қарай жолға шыққан.
Алматы маңындағы тасжолда болған ауыр жол апатынан Үндістан азаматтары қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Үндістанның Астанадағы елшілігі қайғылы оқиға 6 қаңтар күні болғанын мәлімдеді. Елшілік берген ақпаратқа сай, көлікте Үндістанның бес азаматы отырған: төртеуі – Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері, біреуі – турист.
Олар Шымкенттен Алматыға қарай жолға шыққан.
«Өкінішке қарай, екі адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы үшеуі ауыр жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр», – деп хабарлады елшілік.
Дипломатиялық өкілдік қаза болған студенттердің жақындарына көңіл айтты. Елшілік мәліметінше, олар Үндістанның Раджастхан штатынан шыққан.
Еске салайық, 4 қаңтарда Атырау – Орал республикалық тасжолында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, кейін екі көлік те өртенген еді. Ол жол апатында жүк көлігіндегі жолаушы оқиға орнында қаза тапты.