Алғаш келгенде жасының кішілігіне қарап, қалай оқытамыз деп ойладық.
Түркістан облысында небәрі төрт жастағы бала мектеп бағдарламасын меңгеріп жүр. Зерек оқушы үш таңбалы сандарды есептеп, әліппені еркін оқиды, тіпті математикалық амалдарды ағылшын тілінде айта алады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бойының тақтаға әрең жеткені Әлиге кедергі емес. Есепке жүйрік балақай екі таңбалы сандарды ойша қосып, көбейте алады. Тіпті амалдарды ағылшын тілінде де айтады. Балабақшада жүргенінде тәрбиешілері "үйретеріміз қалмады" деп, оны мектепке жіберген.
"Алтынтөбе" орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, Әлидің білім деңгейі сыныптағы кей балалардан да жоғары.
"Алғаш келгенде жасының кішілігіне қарап, қалай оқытамыз деп ойладық. Бірақ байқасақ, білім деңгейі кей оқушыларымнан да жоғары екен. Үш таңбалы сандарды қосып-азайтады. Екі амалды есеп беріп көрдік. Оны да оңай шығарды. Оқи ала ма деп әліппені ұсынсақ, оны да еркін оқып кетті", – деді Әлия Миятбекова.
Оқуда озат болған Әли Адамбек отбасындағы алты перзенттің кенжесі. Анасы Нұргүл Мырзағали ұлының кішкентайынан зеректігімен ерекшеленді деп отыр. Тіпті, ағылшын тілінде математикалық контент көріп, көбейтуді жаттап алған екен.
"Бір күні қарасам, үшінші сыныптағы баламның математика жинағындағы тапсырмаларды өздігінен шығарып қойыпты. Ұйықтар алдында үнемі “мама, есеп айтайықшы” деп сұрайды. Сол күні жарты сағаттай есеп айттық. “Енді ұйықта” деп жатқызғанымда, біраздан кейін ағылшын тілінде көбейту кестесін айтып жатқанын естідім. Ол кезде жасы үштен енді асқан еді", – деді Нұргүл Мырзағали.
Төрт жасар оқушы дайындық алды сыныбын қойып, үлкендермен жарысып есеп шығаруға көшкен дейді ұстазы Бақдәулет Жетібай.
"Туған әпкесі Аяулым менің курсыма қатысады. Сабақ барысында оқушылардан көбейту кестесін сұрағанда, Әли де қасында отырып, жауап беріп қояды. Мысалы, 9-ды 8-ге көбейтсем, бірден 72 деп айтады. Кейде есепті үлкендерден бұрын шығарып үлгереді. Тіпті 5-6 сынып оқушыларының өзіне бұл намыс болып жатады", – деді ұстазы Бақдәулет Жетібай.
Әлидің айтуынша, оған балабақшадан гөрі мектеп көбірек ұнайды.
"Иә. Сабақты жазбағандар ұнамайды”, – деді Әли Адамбек.
Алғыр баланың қабілеті мұнымен шектелмейді. Әли әліппені толық меңгеріп, енді ағылшын тілінде оқып жазуға да ықылас танытып жүр екен.