$ 489.99  580.25  6.38

Қызылорда облысында батпаққа батқан ауыл көмек сұрайды

Тұрғындардың айтуынша, бұл – бір реттік емес, жыл сайын қайталанатын қалыпты жағдайға айналған.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Қызылорда облысы, Арал ауданынан шамамен 120 шақырым қашықта орналасқан Құмбазар ауылына қатынайтын жолдың жағдайы тұрғындарды әбден титықтатты. Ауылға баратын қара жол қар мен еріген судың астында қалып, көліктер батпаққа батып, жүріп-тұру мұңға айналған. Жол азабын тартқан жұрт бір-бірінің көлігін сүйреп, далада қалдырмай, өзара көмектесуге мәжбүр.

Тұрғындардың айтуынша, бұл – бір реттік емес, жыл сайын қайталанатын қалыпты жағдайға айналған. Ауыл халқы мәселені талай мәрте көтеріп, әкімдікке де, жауапты органдарға да жазбаша түрде жүгінген. Тіпті тілшілерді шақырып, депутаттарға дейін жеткізгенімен, нақты нәтиже шықпаған.

Ал шенеуніктер мінетін көліктер бұл жолмен жүрмейтіні анық. Халықтың жанайқайына құлақ асуға тиіс жергілікті әкімдік жылдар бойы қордаланған жол мәселесін шешуге қауқарсыз күйде қалып отыр деген сын да күшейді.

Бұған дейін ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев асфальт жолдың құны 6–10 есе қымбатқа түсетінін айтып, оның орнына нормативке сай қиыршық тас жол салу тиімді екенін жеткізген болатын. Осыған байланысты құмбазарлықтар биыл ауылға тас жол салуға бюджеттен қаржы бөлуді, болмаса қайтарылған активтер есебінен немесе отандық ірі кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асыруды талап етеді.

Алпыс екі разъезд үстінде отырып, алты шақырым тас жолға зар болған ауыл тұрғындары Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәселені жеке бақылауына алып, нақты шешім қабылдайды деп үміттенеді. Бүгінде Құмбазар ауылының жол қатынасының көрінісі осындай мүшкіл күйде.

Видео: instagram- @kamenov.asulan

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0