Қорытынды кестеде 10-орынға көтерілді.
Қазақстан құрамасының әйелдер арасында мәнерлеп сырғанаудан үздігі Софья Самоделкина Италияда өтіп жатқан Олимпиада-2026 ойындарын аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қысқа бағдарламадан кейін 19 жастағы спортшы 12-орынға табан тіреген. Ал еркін бағдарламада нәтижесін жақсартып, қорытынды кестеде 10-орынға көтерілді.
Самоделкина өнер көрсету барысында секіруден барлық элементті мінсіз орындады. Мәнерлеп сырғанаушы 138,99 ұпай жинады, бұл оның ең жоғарғы нәтижесі. Самоделкина жалпы 207,46 ұпайға ие болып, жеке рекорд орнатты.
2026 жылғы Олимпиада – Самоделкинаның дебюті. Ол – Қазақстан құрамасының әйелдер арасында мәнерлеп сырғанаудан тарихтағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшысы. Бұған дейінгі ең жоғары нәтиже Элизабет Тұрсынбаеваға тиесілі. Ол 2018 жылғы Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында 12-орынға табан тіреген болатын.
Миланда 20 жастағы америкалық Алиса Лю жеңіске жетіп (226,79), екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Ол бұған дейін командалық жарыста алтын медаль жеңіп алған еді.
Жапондық Каори Сакамото (224.90) күміс медаль иегері атанды. Ол осы Олимпиададан кейін спорттан кетуді жоспарлап отыр. 25 жастағы спортшының қоржынында сонымен Олимпиаданың үш күміс және бір қола медалі бар.
Тағы бір жапондық мәнерлеп сырғанаушы 17 жастағы Ами Накаи (219.16) тұңғыш рет Олимпиада ойындарының тұғырына көтерілді. Екі бағдарламада да ол үштік аксель – ультра-си элементін, яғни, ең қиын элементтердің бірін орындады.