Әлеуметтік желіде тараған видеода жағалаудың мүжіліп, бетон тіректердің ашылып қалғаны анық көрінеді.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы Майтас тұрғын үй алабында Бадам өзенінің жағасындағы қорғаныс дамбасын су шайып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бөгеттің топырағы опырылып, өзен арнасы үйлерге қауіпті деңгейде жақындаған, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жағалаудың мүжіліп, бетон тіректердің ашылып қалғаны анық көрінеді. Бұл жағдай тек табиғи құбылыс емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей төнген қатер.
Жергілікті халық «кезекті тасқынға дейін әрекет жасалмаса, кеш болуы мүмкін» деп дабыл қағуда. Көктемгі су маусымы жақындаған сайын қауіп күшейіп отыр. Дамбаның қазіргі жағдайы тиісті деңгейде нығайтылмаса, ондаған үйді су басу қаупі жоққа шығарылмайды.
Алдын алу шаралары уақытында жүргізілмегені – жауапты органдардың салғырттығын аңғартады.