$ 460.8  541.21  6.13

Түркістан облысында 4 жасар қызды шибөрі талап тастаған

Бұл аймақта шибөрі жиі кездеседі, тұрғындар үшін бұл қалыпты құбылыс.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Түркістан облысында 4 жасар қызды шибөрі талаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Отырар ауданының әкімдігінің хабарлауынша, оқиға 26 сәуірде Шілік ауылында болған. Екі тұрғын кішкентай қызға көмектеспек болған.

"Баланы шибөрі қауып алған. Оны көрген бір тұрғын араша түспек болған. Сол кезде шибөрі оның бармағын тістеп үлгерген. Қашып бара жатқанда үшінші тұрғын ұстамақ болып, ол да жарақат алды. Алайда үшінші азамат шибөріні ұрып өлтіріп, кейін ветеринар мамандарға тапсырды. Шибөрі қыз баланы үш жерінен тістеп алған", – деді аудан әкімдігі.

Екі ересек адам амбулаториялық емге жіберілді, ал бүлдіршін ауруханада ем алып жатыр. Әкімдіктің айтуынша, бұл аймақта шибөрі жиі кездеседі, тұрғындар үшін бұл қалыпты құбылыс.

"Ветеринариялық қызмет тарапынан шибөріден құтыру ауруына күдікті патологиялық материал алынып, аудандық ветеринариялық зертханаға жолданды. Зардап шеккен азаматтар аудандық орталық ауруханаға жүгініп, құтыруға қарсы профилактикалық екпе алды. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында", – деп мәлімдеді әкімдік.

Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін шибөрі анықталған аумақ пен зардап шеккен тұрғындардың аулалары 10 пайыздық каустикалық сода ерітіндісімен залалсыздандырылды. Жалпы 630 шаршы метр аумақ өңделді.

Әкімдіктің мәліметінше, бүгін кешке шибөрілерді аулау үшін арнайы мамандар шығады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0