Даудың басы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан басталған.
Ақтөбе облысында қазақтың қасиетті ұлттық аспабы – домбыраны «харамға» балаған ер адам тұтқындалып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Даудың басы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан басталған. Онда күдікті өзінше діни уағыз айтып, қазақтың ұлттық құндылығына күмән келтірген.
«Құрметті қазақ елі, домбыраға қарсы сөйлеген болсам, кешіріп қойыңыздар. Алайда ханафи мазхабында ішекті аспаптар «харам» болып есептеледі», – деп мәлімдеген ер адам өз бейнежазбасында.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті бұл әрекетті діни араздықты қоздыру деп бағалады. Құзырлы органның хабарлауынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бейнежазба авторының жеке басы анықталып, дереу құрықталған.
«Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікірлер жариялаған», – делінген полицияның ресми хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, құқық қорғаушылар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.