$ 472.03  540.29  6.11

Боксшы Теміртас Жүсіпов әйелін соққыға жықты деген ақпар тарады: Қылмыстық іс қозғалды

Салдарынан әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Фото: Qumash.kz
Фото: Qumash.kz

Әлеуметтік желіде бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтың жұбайына күш қолданғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәлімдемеге Ақмола облысының полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Threads әлеуметтік желісінде zh32457 лақап атымен тіркелген қолданушы өзін зардап шеккен әйелдің әпкесі ретінде таныстырып, Теміртас Жүсіповқа қатысты жазба жариялаған.

Оның сөзінше, 29–30 маусым немесе 1 шілде күні боксшы жұбайын аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Жазбада дәрігерлер оған асфиксия, бастың ашық жарақаты, талма және бас миының ісінуі диагноздарын қойғаны, оқиға кезінде әйелдің ес-түссіз жатқаны айтылған. Сондай-ақ автордың мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұдан бөлек, жазба авторы әйелінің айтуынша, Теміртас Жүсіпов ажырасқан жағдайда оны өлтіретінін айтып қорқытып, психикалық жағдайына күмән келтіретіндей бейнематериал түсірмек болғанын мәлімдеген. Оның мақсаты балаларды өз қамқорлығына алу болғаны да жазылған.

Желі қолданушысы Теміртас Жүсіповтың кәсіби спортшы, әлем және Азия чемпионы екенін атап өтіп, мұндай дайындықтағы адамның зорлық-зомбылық көрсеткені үшін қатаң жауапкершілікке тартылуы қажет екенін жазды.

Бұл жағдайға қатысты Ақмола облысы полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, адам денсаулығына қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала дерек бойынша, 30 маусым күні Көкшетауда ерлі-зайыптылар арасында болған жанжал кезінде әйелге дене жарақаттары салынған.

Полиция қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп жатқанын хабарлады. Тергеу нәтижесіне сәйкес, кінәлі тұлғаға заң аясында құқықтық баға беріліп, тиісті жауапкершілікке тартылатыны айтылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0