Іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон жұмылдырылды.
Түркістан облысы Сауран ауданында Сырдария өзеніне суға кеткен екі азаматтың да денесі табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы жағдай 22 тамызда Үшқайық ауылдық округі аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 1998 және 2002 жылы туған екі ағайынды суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Шомылу кезінде 24 жастағы азамат суға батып, інісін құтқаруға ұмтылған 28 жастағы ағасы да суға кеткен.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары іздестіру жұмыстарын бастады. Оған Шымкент қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері, полиция, жедел жәрдем мамандары, жергілікті тұрғындар мен марқұмдардың туыстары қатысты. Іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон жұмылдырылды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 24 тамызда шомылған жерден шамамен 6 шақырым қашықтықтан 2002 жылы туған азаматтың денесі табылып, судан шығарылды.
– Ал 25 тамызда іздестіру жұмыстары барысында оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерден 1998 жылы туған екінші азаматтың денесі су бетінен табылды. Осылайша, Сырдария өзеніндегі іздестіру жұмыстары аяқталды. Екі азамат та қаза тапты, – делінген ресми хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылмауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.