$ 457.99  534.15  5.47

Атырауда тоққа түскен ер адам аяқ-қолынан айырылды

Салдарынан оның денсаулығына ауыр зақым келіп, аяғы мен қолы ампутацияланды.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

"Атырау-Жарық" ЖШС-нің электр монтері электр желісі тірегінде жұмыс істеп жатқанда токқа түсті. Салдарынан ер адам аяғы мен қолынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Атырау облысы соттарының ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сай, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (МАӘС) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне қарсы жазған ер адамның талап арызы бойынша әкімшілік істі қарады.

"Атырау-Жарық" ЖШС-де электр монтері болып жұмыс істеген талапкер 2026 жылғы 16 қаңтардағы жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісіндегі тараптардың кінә дәрежесін белгілеу бөлігіне шағымданды.

Жазатайым оқиға 2025 жылғы 19 желтоқсанда жұмыс уақытында болды. Жұмысшы электр желісінің тірегінде тұрған кезде электр қуаты қосылып кеткен.

Салдарынан оның денсаулығына ауыр зақым келіп, аяғы мен қолы ампутацияланды.

Жұмысшының кінәсі дәлелденбеді

Тергеу барысында арнайы комиссия жұмыс берушінің кінәсін 80 пайыз, ал жұмысшының кінәсін 20 пайыз деп белгіледі. Талапкер бұған келіспей, сотқа жүгінді.

Істі қарау кезінде сот Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 72-бабын басшылыққа алды. Сот әкімшілік органның іс үшін маңызы бар мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу міндетіне сүйенді.

Жұмысты ұйымдастыру және орындау кезінде жұмыс беруші мен жауапты тұлғалар қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталды.

Атап айтқанда, диспетчерге бригада жұмыс істейтін учаскедегі электр желісін ажырату тапсырылған болатын. Желінің ажыратылғаны расталғаннан кейін жұмысшылар өз міндетіне кіріскен.

Алайда кейіннен осы учаскеде жұмыс жүріп жатқанын білетін диспетчер абайсызда желідегі бригаданы ұмытып кетіп, желінің жұмысқа қабілеттілігін тексеру үшін электр қуатын қосып жіберген.

Салдарынан сол сәтте тіректе жұмыс істеп тұрған қызметкерді ток соққан.

Сондай-ақ жұмыс берушінің жауапты тұлғалары қауіпсіздік талаптарын толық көлемде қамтамасыз етпегені анықталды. Оның ішінде жұмыстың орындалуын тиісті бақылау және жұмысшылар желіде болған кезде кернеу беру мүмкіндігін болдырмайтын шаралар қабылданбаған.

Бұл ретте сот талапкердің III рұқсат тобындағы электр монтері болғанын және жұмысты жауапты қызметкердің басшылығымен бригада құрамында орындағанын ескерді. Талапкер тапсырылған жұмыс шеңберінде әрекет етіп, қауіпсіздікке жауапты тұлғалардың бақылауында болған.

Іс бойынша анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот комиссияның жазатайым оқиға жәбірленушінің өрескел абайсыздығынан болды деген қорытындысын негізсіз деп таныды.

Іс материалдарында талапкердің жазатайым оқиғаға әкеп соқтырған қандай да бір әрекет жасағаны расталмады.

Дәлелдемелерді есепке ала келе, сот комиссияның жұмысшы кінәсі 20 пайыз деген комиссия шешімі жазатайым оқиғаның нақты мән-жайларына және жұмыс беруші тарапынан жіберілген бұзушылықтардың дәрежесіне сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.

Сот 2026 жылғы 16 қаңтардағы жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісінің бір тармағын заңсыз деп танып, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз, жұмысшының кінәсін 0 пайыз деп белгіледі.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#Атырау #тоқ