Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларға қатерлі қан ауруына шалдыққан туған бауырларына донор болуға рұқсат беру ұсынылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бүгін Құрылтайда Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев тиісті заң жобасын таныстырды.
Министрліктің мәліметінше, лейкоз секілді ауыр қан ауруларын емдеу үшін қан түзуші дің жасушаларын ауыстырып салу қажет болатын жағдайлар бар. Мұндай кезде науқасқа ең үйлесімді донор көбіне оның туған бауыры болады.
Заң жобасына сәйкес, балаларға тек ерекше жағдайларда және медициналық талаптарға сай келгенде ғана донор болуға рұқсат беріледі. Ол үшін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің нотариус куәландырған жазбаша келісімі қажет. Медициналық рәсім басталғанға дейін олар өз шешімінен бас тарта алады.