$ 458.28 € 501.45 ₽ 5.59

Қазақстанда ауруханалардың жұмыс тәртібі өзгереді: науқастарды не күтіп тұр?

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Құрылтай депутаттары денсаулық сақтау саласына қатысты жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өзгерістер медициналық қызметтің сапасын арттыруға және науқастарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Енді рентген, компьютерлік томография және МРТ нәтижелерін бірыңғай электрондық жүйеде сақтау ұсынылып отыр. Мәселен, аудандық ауруханада тексеруден өткен науқастың нәтижесін Астана мен Алматыдағы білікті дәрігерлер қашықтан қарай алады. Бұл азаматтардың бір тексеруден бірнеше рет өту қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандықтардың медициналық деректерін қорғау талаптары күшейтілмек. Науқастар ем алуға келісімін қағаз түрінде де, электрондық форматта да бере алады. Алайда ота жасау және басқа да күрделі медициналық процедураларды жүргізу үшін пациенттің келісімін алу міндетті болып қала береді.

Жаңа ауруханалар мен емханалар салу кезінде өңірдегі халық саны мен медициналық көмекке деген қажеттілік ескерілмек. Мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәртібі енгізілмек.

Сондай-ақ сапасыз және жалған медициналық бұйымдарды анықтау, оларды айналымнан шығару шаралары күшейтіледі. Медициналық туризмді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және жаңа емдеу технологияларын енгізу тәртібі де жетілдірілмек.

Бұдан бөлек, адам ағзалары мен тіндерін, қан түзуші дің жасушаларын трансплантациялау және мемлекеттік шекарадағы санитарлық бақылау мәселелері қайта қаралады.

Айта кетейік, әзірге заң жобасы тек бірінші оқылымда мақұлданды. Ұсынылған өзгерістер әлі күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#ауруханалар