Ресейден әкелінген автокөліктерді ақтөбелік жол сақшылары тіркеп үлгермей жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.
Рубль құны түскелі бері көрші елден көлік тасушылар көбейген. Соңғы екі аптаның ішінде полицейлер 600 темір тұлпарды тіркепті. Бірақ тұрғындар әлі бес жүзге тарта көліктің құжатын рәсімдеуге өтініш түскен.
«Өткен аптадан бері көлігімді тіркей алмай жүрмін. Барлық жерде кезек. Арнайы сертификат алу керек. Оны беретін мекеме не бары екі жарым сағат қана жұмыс істейді. Одан әрең дегенде құжатымды алдым. Арзан болғасын халық Ресейге ағылып жатыр. Көліктердің құны Ақтөбенің бағасымен салыстырғанда екі есеге арзанға шығады», – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бауыржан Смайылов.
Көрші елден көлік таситын ақтөбеліктер әзірге азаймай отыр. Жол сақшылары да бұрын мұндай жаппай сатып алу жағдайының болмағандығын айтады.
«Ресейдегі экономикалық жағдайға байланысты көлік сатып алуға ақтөбеліктер сол жаққа ағылып жатыр. Бізге қазір тіркеуге келген көліктердің 60-70 пайызы Орынбор, Самара және Челябинск облыстарынан жеткізілген. Уфаға да барып жатқандар бар», – дейді Ақтөбе облыстық ІІД әкімшілік полициясының тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Омархан Сансызбаев.