$ 498.34  519.72  4.85

Алматылықтар Астана күнін қалай тойлады?

Елордамыз Астана күнін алматылықтар ерекше атап өтті. Екі миллионға жуық тұрғыны бар шаһардың әрбір ауданында Астана туған күніне орай түрлі шаралар өткізіліп, қызықты сайыстар ұйымдастырылды. Оған жастар да, қарттар да белсенді түрде атсалысты.

Мәселен, Астана күніне орай «Жеңісім саған, Астана!» деген тақырыппен аула клубтарының арасында шағын футболдан сайыс болды. Бұл спортттық іс-шараны Алмалы ауданы әкімінің аппараты мен Медеу ауданы әкімдігі және «Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Спорттық дода Күләш Байсеитова көшесінде орналасқан мини футбол алаңында өтті. 14-17 жас аралығындағы жасөспірім балалардың «Бәйтерек 1», «Бәйтерек 2» «Көңілді ноталар», «Барыс», «Қайсар», «Жас Ұлан» командалары шағын футболдан өзара бақ сынасты. Командалық жеңістен бөлек үздіктер «Ең үздік қақпашы», «Ең үздік ойыншы», «Ең үздік бомбардир» номанацияларымен марапатталды.

Сондай-ақ, Бостандық ауданы әкімдігі эстрада әншілерінің қатысуымен ашық аспан астында мерекелік концерт ұйымдастырды. Арман Дүйсенов, Алтынбек Ташимбетов, «Гүлдер» ансамблі мен «Сұңқар» тобы шырқаған әнге халық көңіл көтеріп, би биледі.

Ал Наурызбай ауданы бір емес, екі мерекені қатар тойлады. 4 шілде күні «Астана күні» және «Наурызбай ауданының 3 жылдық мерейтойын» «Шұғыла» шағынауданындағы Абай даңғылында салтанатты түрде атап өтті. Алаңда «Жайнай бер, бас қалам – Астана» тақырыбында балалардың сурет салу сайысы да ұйымдастырылды. Ең қызығы, 13 киіз үй тігіліп, тұрғындар түрлі тағамдардан дәм татты. Ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де мерекені  түрлендіре түсті. Қос мерекенің соңы концертке ұласты. «Салтанат» би ансамблі, «Ардагерлер» хоры мен елімізге танымал Бағдат Сәмидинова, «Қоңыр тобы», Ұлықпан Жолдасов, Мирас пен Құралай, Әділ мен Дана, Салтанат Ағыбаева, Бахтияр Тайлақбаев, Інжу, Әлия Әбілқайыр, «Жебе» тобы, Нұрболат Абдуллин, Серікбол Сайлаубек сынды әншілер мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Алматы жастары да мерекелік көңіл-күйді қалыптастыруға үлес қосты. Алматы қаласы әкімдігі Жастар мәселелері жөніндегі басқармасының тапсыруымен Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының филиалы «Астананың 19 жасына 19 метрлік торт» деген акция өткізді. Салмағы 160 келі тәтті торт қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылды. Тортты пісіріп, әзірлеуге 2 күн уақыт кетіпті. Оны дайындауға 20 аспаз қатысқан.

Еске салсақ, Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Ал ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда басталды. 1998 жылғы 6 мамырда президент жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары