Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 8 қаңтар күні «Аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырған» деп айыпталған экс-премьер Серік Ахметовтің үйқамақта болу мерзімі ақпанның 18-іне дейін ұзартылды» деп мәлімдеді.
Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.
Соттың баспасөз хатшысы Әлия Жошеваның айтуынша, Қазыбек би аудандық соты тергеушінің өтініші бойынша Серік Ахметовті үйқамақта қалдыру мерзімін үшінші айға созып, 2015 жылдың 18 ақпанына дейін ұзартқан.
Алдын ала тергеу орындары Серік Ахметовке қылмыстық кодекстің 176-бабының 4-бөлімінің «б» тармағы бойынша (аса ірі көлемде қаржы жымқыру) бойынша айып тағып, сот қарашаның 18-інде оны қаңтардың 18-іне дейін екі ай мерзімге үйқамаққа алуға санкция шығарған.
Серік Ахметов 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, отставкаға кеткен. Бұдан соң ол қорғаныс миинстрі болып тағайындалып, биыл қазан айында қызметінен босатылған еді.
Серік Ахметов оған дейін Қарағанды облысы әкімі (2009), премьер-министрдің бірінші орынбасары (2012) қызметтерін атқарған.