$ 494.87  520.65  4.91

Ақтауда - Сабантуй!

Ақтау қаласында «Салават» башқұрт этно-мәдени бірлестігінің мұрындық болуымен ұлттық мереке – Сабантуй сән-салтанатымен тойланды.

Жыл сайын дәстүрлі өткізілетін ұлттық мейрам бүгінде Ақтау тұрғындарының аңсап күтетін сүйікті күніне айналған. Осы жылы да ақтаулықтар Сабантуйдың қызығына батып, көңілді ойындарына белсене атсалысып, ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Башқұрт пен татар халқының көктемгі егін жұмыстарының аяқталуын білдіретін дәстүрлі мерекесі қызықты спорт бәйгелерімен ерекшеленеді. Иығына иінағаш іліп жарысу, жұмыртқа салынған қасықты ұстап жүгіру, жастықпен күрес, 5 метрлік ағаш бағанасына өрмелеу, боз кілемде белдесу сынды спорт сайыстары қатысушылардың көңілін көтеріп қана қоймай, жылдамдықтарын, ептілігін сынады. Күресте күш пен шеберлігіне сенген балуандар жоғары дайындығын паш етті. Бірінші орынға басты сый – қой табысталды. Ал ең епті мен шыдамды қатысушыға әтеш берілді. Жеңімпаз ағаш бағанасының төбесіне өрмелеп, ілінген алты кілттің біреуін үзіп алып, жан-жақтан қаумалағандарды таңғалтты.

Қызықты сайыстардан бөлек, қала тұрғындарының назарына мәдени шаралар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Онда 20-ға жуық шеберлердің қолдарынан тігілген дүниелері қойылып, ақтаулықтардың көздің жауын алды. Ал сахна төрінде жергілікті және шақырылған өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала биледі.

 Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары