Алматыда дәрігерлер қате диагнозбен емдеген бала көмекке мұқтаж. Оның бұлшықетінің ішіне қатерлі ісік тарап кеткен деп хабарлайды КТК арнасы.
Енді сол қауіпті дерт өкпесіне жеткелі жатыр екен. Елге белгілі фильмдерде ойнаған жас актер Айбек Жебегеннің ата-анасы бұған дейін де қайырымды жандардан көмек сұраған болатын. Ол қаражат күрделі емді бастауға жетіпті. Енді кореялық дәрігерлер оны әрі қарай жалғастыру үшін отбасынан тағы да қаржы сұратыпты.
Небәрі он жасында джаздан түрлі халықаралық фестивальдерде Қазақстанның жалауын желбірткен Айбек Жебегеннің бүгінде аспапты үрлеуге де әлі жетпейді. Қауіпті дертпен күрескен жеткіншектің қазіргі салмағы бар-жоғы 24-ақ келі. Оның бұл жайы, әсіресе, әкеге ауыр тиген. Ұрпағының жалғасы жалғыз ұлы ауырсынған сайын ол да жанын қоярға жер таппайды.
«Кішкентай болса да, ауыр дертке шалдыққанын өзі сезіп, қазір енді кейбір кезде бізге де білдіртпейді. Күресіп жатыр баламыз бізбен қатар. Соған ризамын», - дейді әкесі.
Бала қазір тіпті, далаға шығудан қалды. Кез-келген жұқпа, әлсіз ағзасына ауыр соққы болмақ. Сол үшін де бетін тұмшалап жүреді. Бастапқыда дәрігерлер асқазаны ауырады деп ем-дом жасаған. Алайда дерті асқына берген. Сөйтсе, қатерлі ісік бұлшық етінен анықталыпты. Бұған дейін жұрттан жиналған қаражат аса қымбат емді жалғастыруға жетпей жатыр.
«Кореядан құдай қаласа баламыз жазылып келсе деп армандаймыз. Соны құдайдан да, сіздерден де сұраймыз», - дейді анасы.
Ісіктің бұл түрі 6 миллион баланың біреуінде ғана кездеседі екен. Әрі тек ұлдарға ғана жабысатын көрінеді. Сынаққа сынғысы келмейтін Оңалбаевтар отбасы күресті жалғастырғысы келеді. Өйткені, аталған терапиядан бала аман-есен өтсе, ісікті отамен алып тастауға мүмкіндік береді екен.