$ 448.15  483.46  4.86

Анкарада «Қазақстан күні» аталып өтті

Түркия астанасы Анкара қаласында «Қазақстан күні» өтті деп жазады ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінен мәлім еткендей, шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің шақыруымен Этимесгут ауданының мэриясы ұйымдастырған «Анадолу» фестивалінде Жамбыл облысы Шу ауданының «Əсем əуен» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Шара басталмас бұрын өнер ұжымы қаланың көрікті орындарын аралап, Этимесгут ауданының мэрі Әнуар Демирельдің қабылдауында болды. Шығармашылық делегацияны Жамбыл облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Еркежан Сембаева, облыстық Халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева, Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, ансамбльдің көркем жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Əуесхан Келгенбаев бастап келді.

Жүздесу барысында Анадолу фестивалінің маңызы мен оның түркі ынтымағына тигізер ықпалы жайында əңгіме өрбіді. Жазушы-аудармашы Мəлік Отарбаев фестивальдің сəтті өтуіне тілектестік білдірді. Ұзақ жылдан бері қазақ өнері мен мəдениетін, əдебиетін Түркия төрінде насихаттап, екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға үлес қосып келе жатқан Этимесгут мэрі Әнуар Демирельге Жамбыл халықаралық сыйлығы мен төсбелгісі табыс етілді. Биыл 15-ші мəрте ұйымдастырылып отырған өнер мерекесіне алыс-жақын түркітілдес мемлекеттерден және Түркия аумағындағы барлық қалалар мен провинциялардан шығармашылық топтар шақырылды. Олар он күн бойы Анадолу жерін думанға бөлеп, ұлттық фольклорын паш ететін болады.

«Əсем əуен» фольклорлық ансамблі көрермендер назарына Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», Арман Бексұлтанның «Елге тілек» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құрбым-ай», «Дей салдым-ай», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық əндерін тарту етті. Жас қобызшы Бірғаным Мырзахан халық əні «Илигайды» орындап, Бауыржан Үйсінбаев түрік əні «Ду-дуды» нақышына келтіре шырқады. Ансамбль әншілері Мәдениет қайраткері Жанат Досжанова, Айгүл Диқанова, Нұрболат Іңкəрбеков те жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазақ елінің ұлттық өнерін лайықты таныстыра білді. Қазақстан өнерпаздарын 50 мың көрермен тамашалап, Бенгү түрік арнасы тікелей эфирден таратты. Кеш соңында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, көне Тараз төрінен, қасиетті Талас жерінен келген өнер иелері мен шараны ұйымдастырған Этимесгут ауданы мэриясына алғыс білдірді. Өз кезегінде Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов пен Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтың ыстық сəлемі мен жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ мэр Əнуар Демирель мен елші Абзал Сапарбекұлының иығына шапан жауып, Тараз қолөнер шеберлерінің жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бейнесін қолмен тоқыған кілемшені сыйға тартты. Жамбыл облысы өнерпаздарының гастрольдік сапары ары қарай Нигде, Кападокия, Кастамону қалаларында жалғасын табады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары