Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігі 12 қазаннан бастап Қырғызстаннан ет өнімдерін кіргізуге шектеу қойылғанын хабарлады. Министрлік сайтында жарияланған хабарламада шектеу «Қырғызстан аумағындағы жануарлардың аса қауіпті ауруларына қатысты қолайсыз жағдайға байланысты» енгізілгені айтылады деп жазады Азаттық.
Ауылшаруашылығы министрлігі шектеу Қазақстанға ветеринарлық қадағалау және бақылау өнімдерін экспорттайтын Қырғызстанның «Риха», «Кантский хлебзавод», «Баркад», «Салих ЛТД» және «Адал-Азык» кәсіпорындарына жасалғанын айтады. Министрлік баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 2012 жылдан бастап Қырғызстанның тағы төрт кәсіпорнына қатысты уақытша шектеу енгізілген.
Бұдан бұрын Қырғызстанның ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мемлекеттік инспекциясы Қазақстанның Қырғызстанмен шектес облыстарында «құстардың жаппай ауырғаны» туралы ақпаратқа байланысты тауық етін кіргізуге шектеу қойған. Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылдан Алматы облысында құстардың мүлдем ауырмағанын мәлімдеп, Бішкектің сақтық шарасын «негізсіз» деп атаған.