$ 514.65  544.6  5.17

ҚР Энергетика министрінің орынбасары тағайындалды

ҚР Үкіметінің қаулысымен Есімханов Сұңғат Қуатұлы Энергетика вице-министрі болып тағайындалды деп жазады ҚазАқпарат.

Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осыған дейін бұл лауазымда болған Анатолий Шкарупа өз өтінішімен қызметінен босатылды.

С. Есімханов 1973 жылы Павлодар облысында туған. 1996 жылы Павлодар индустриалды институтын, 2007 жылы Қарағандының ​​«Болашақ» институтын бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның гидрометаллургиялық цехында инженер болып бастап, онда 2000 жылға дейін жұмыс істеді.

2001-2007 жылдары Астана, Ақтау, Қарағанды қалалары бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің құрамында маман, бөлім бастығы, департамент директоры қызметтерін атқарды. 2008-2010 жылдары Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2010-2013 жж. «Казахэнергоэкспертиза» АҚ президенті болды. 2013-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

2014 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Еске салайық, ҚР Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары А.Шкарупа, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы міндетін атқарушы Қайсар Байдалы және «ENERCO» ЖШС директоры Ерлан Нәбиев сот санкциясымен тұтқындалды.

Оларға Қарағанды облысының Саран қаласына жылу есептеуіш аспаптарды сатып алып, орнату үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» акционерлік қоғамына бюджеттен бөлінген қаражаттарды жымқырды деген күдік келтірілуде. Саран қаласында жылу трассасы мен орталық қазандық жоқ болса да, Қор «ENERCO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 215 миллион теңге қаражатты заңсыз аударған. Жымқырылған қаражаттар жалған кәсіпорын арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыс қатысушыларының арасында бөлінген.

Бұған дейін энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның екі айға қамалғаны хабарланған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары