$ 494.87  520.65  4.91

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 4 мыңға жуық әйел полицияға жүгінген

Астанада жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 4 мың тарта әйел полицияға жүгінген. Бұл туралы Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне қатысты өтіп жатқан халықаралық конференция алдында Астана қаласы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Ақмарал Серікбаева айтып берді деп жазады ҚазАқпарат.

«Халықаралық әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау күніне орай 25 қарашадан бастап 10 желтоқсанға дейін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы жүргізіліп жатыр. Сол акцияның шеңберінде өтіп жатқан бүгінгі іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның  қолдауымен және халықаралық ұйымдардың, БҰҰ әйелдер қорының ұйымдастыруымен өтуде», – дейді Ақмарал Серікбаева.

Полиция майоры сондай-ақ Астана қаласындағы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық жағдайларына байланысты статистикалық мәліметтермен де бөлісті.

«Астана қаласы бойынша отбасы, тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтарға байланысты жыл басынан бері 4 мыңға тарта құқықбұзушыға қатысты нұсқама шығарылған. Ол нұсқама – ҚР-ның тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасының 20-бабы бойынша, егер жәбірленуші әйел өзін қорғауға арыз жазатын болса, құқық бұзушыға қатысты нұсқама шығады. Яғни, ол адам профилактикалық есепке қойылады», – дейді ол.

Ақмарал Серікбаева өз сөзінде қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін полиция департаменті профилактикалық жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті.

«Профилактикалық есепке қойғаннан кейін арыз түскен адамға 30 күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Яғни, оның үйіне учаскелік полиция аптасына бір рет барып тексереді. Профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Егер қорғау нұсқамасының талаптарын құқық бұзушы бұзатын болса, онда жәбірленушінің арызы бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылатын  болады», – деді полиция майоры.

Айта кетсек, елордада «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы шеңберінде «Тиімді ынымақтастық арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу: дағдарыс орталықтарын дамытудың жаңа кезеңі» атты халықаралық конференция өтіп жатыр. Конференция жұмысына Парламент депутаттары, Ұлттық комисия мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ІІМ қызметкерлері, сондай-ақ АҚШ, Германия, Австрия, Румыния, Италия, Черногория елдерінің сарапшылары қатысуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары