$ 495.2  522.34  4.94

Қарағанды облыстық балалар кітапханасы киіз үй құрастыру бойынша тренингтер өткізуде

Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Арғы Сақ, Ғұн заманынан бері қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келді. Мыңдаған жылдар бойы жинақталған тәжірибе негізінде қалыптасқан киіз үйдің құрылысы бірнеше бөліктерден тұрады.

Осындай мәдени мұрамызды дәріптеу мақсатында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы киіз үй құрастыру бойынша тренингтер өткізуде. Оқушыларға арналған «Этноконструктор» ойыны халық мәдениетін, тарих пен рухани мұраны насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасы аясында әзірленген.

«Этноконструктор» ойынына №16 мектептің бастауыш сынып оқушылары қатысты. Шараға келген балаларға  қазақ даласының тарихы туралы баяндалды. Оларды киіз үйдің негізгі құрылымдары және әбзелдерімен таныстырды. Сонан соң оқушылар мамандардың жетекшілігімен экологиялық таза материалдардан жасалған «киіз үй» этноконструкторын жинады. 

Айта кетейік, киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ-мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан-ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз. 

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс-салты, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. 

Ал ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан. Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз,ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таңғалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы І Николайға киіз үй сыйлап, патша ағзам оған өте риза болған (Ә.Марғұлан). 

Жазушы Шыңғыс Айтматов Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ қазір Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда қазақтың киіз үйлері бар.

Киіз үйдің түрлері мен құрылысы Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады ды, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақы үйлер бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді. 

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді: Төр. Үй ішіндегі ең құрметті орын, мұнда жүк жиналады, қонақтар отырады. Бұл – киіз үйдің жоғарғы әрі сыйлы орны. Жас келіндер төрге шықпайды. Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды. Оң жақта (кіргенде сол жақ) – балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады. 

Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады: Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері). Киіздері (ши де осыған кіреді) Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары). 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары