Өскеменнің орталығында тапа-тал түсте жалаңаш серуендеген жігіт өз әрекетін түсіндірді, - деп хабарлайды YK-news.kz. Басылымға берген сұхбатында ол аты-жөнін айтқысы келмеді.
Еске салайық, Өскеменде тыр жалаңаш жігіт тапа-тал түсте серуен құрды. Ол Әуезов даңғылының бойында тырдай жалаңаш күйде өткен-кеткендерге қарап, күліп жүрген. Видеоға түсіріп жатқандарға күле қарап, өз әрекетіне тіпті де ұялмайтынын көрсетеді. Интернет қолданушылары жігіттің бұл қылыққа бәстескеннен кейін барғанын айтқан еді.
Ол Өскеменге басқа қаладан келіпті. Шын мәнінде, ер адам бұл жағдайға бәстескендіктен тап болған. Бірақ ол бұл бәсте жеңімпаз болып шыққанын айтады. «Етігім жыртылып қалған еді. Достарыммен сөйлесіп отырғанмын, сосын тақырып аяқ киімге ауысты. Біз бәстестік. Бәстің шарты былай еді: егер көшеде жалаңаш жүрсем, олар маған етік сатып әперуі тиіс. Егер қарсы болсам бұдан да сорақы әрекет жасауым керек болған. Бұл әрекет құпияда қалсын», - деді ол
Ал «оқиғаның орны мен уақытын өзіңіз таңдадыңыз ба?» деген сұраққа ол ештеңенің де жоспарланбағанын, шешініп, көшеге шығып кеткенін айтады. Бірақ оның бұл әрекетіне көшедегілер қарсы болмған көрінеді. «Бәрі күлді. Тіпті Интернеттегі пікірлер де әзілге толы болды. Бұл қуантады», - дейді жігіт.
Жігіт өзінің жұмысы жайлы да айтып берді. Ол фрилансер екен. «Мен өзімді әлі күнге іздеудемін. Түрлі жолмен ақша таптым: кәуап пісірдім, интернетте шағын кәсібім болды, тауар саттым, тәтті мақта саттым, ірі дүкендерде сатушы болдым, құрылыста істеп көрдім», - деді аты-жөнін атағысы келмеген ол.
Айта кетейік, бұл оқиғаны полиция тергеп жатыр. Алайда, ШҚО ІІД баспасөз қызметінің өкілдерінің айтуынша, қалалықтардан осы оқиғаға байланысты шағым түспеген.