«Экспоның» басты нышаны болуы тиіс шар тәріздес алып ғимаратты «Нұр әлем» деп атау ұсынылды. Ақордаға халықаралық көрмені өткізуге жауапты шенеуніктерді тегіс жинаған президент олардың есебін тыңдады деп хабарлайды КТК арнасы
Осы жерде «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов басты нысанға 3 бірдей атын ойластырып келіпті.
«Осындай ұсыныс тастайын деп отырмыз. Шарды «Нұр әлем», «Нұрлы әлем», немесе «Әлем нұры» деп атасақ», – дейді «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Бірақ Назарбаевқа «Нұр әлем» аты аса ұнай қоймады. Сондықтан «Экспоның» басты ғимаратына «Әлем шар» деген атаудың жарасатынын айтты.
«Мен екі атауды ұсынамын. Біріншісі, «Әлем шар». Ал сенің айтып отырғаның «Нұр әлем». Бұл маңызды емес. Бірақ «Әлем шар» десек дұрыс болады. Шар деген аты өзі айтып тұр не екенін. Әлем деген дүние. Жер шарының бәрін ішіне кіргізіп отырмыз. Ал сен «Нұр әлем» дейсің. Енді таңдайық», – деп жауап берді президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Десе де, президент асықпай тағы ойланайық деді. Көрмеге 1 жарым жыл қалғанын ескерткен президент шығынды қысқарту арқылы 78 миллиардтың үнемделгенін мәлімдеді.
Ал құрылысқа отандық өнімді пайдалануға тағы пәрмен берді. Сондай-ақ, «Экспо» кезінде күш құрылымдарына қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді тапсырды.