Ақтөбелік шекарашылар Қазақстан шекарасынан заңсыз жасырынып өтіп кетпек болған азаматты қолға түсірді, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
«Ақтөбе шекара отрядына қарасты (Қазақстан-Ресей шекарасы) «Жайсаң – авто» көліктік-шекаралық бақылау бөлімшесінің шекарашылары қарашаның 22-сінен 23-не қараған түні, сағат 23.55-те елімізден Ресейге қарай кетіп бара жатқан «Мерседес» жүк автокөлігін тексеру барысында, көліктің жатын бөлігіндегі көрпе-жастықтың арасына жасырынған адамды тауып алды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мемлекеттік шекарадан жасырынып өтпек болған адам 1988 жылы туған отандасымыз болып шықты. Оған Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салынған екен.
Мәселені осындай жолмен шешуге бел буған ол енді Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-бөлігі (Мемлекеттік шекарадан өткізу пунктерінде белгіленген тәртіпті бұза отырып, заңсыз өтуге тырысу) бойынша жауапқа тартылатын болады.